НҰР-СҰЛТАН, 22 тамыз – Sputnik. 23 тамыз күні Нұр-Сұлтан қаласында қоғамдық көліктің қозғалысы уақытша тоқтайды. Бұл туралы City Transportation Systems компаниясы хабарлады.
"Жексенбі күні, 23 тамызда Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, қоғамдық көліктің жұмысы уақытша тоқтатылады. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында автобустар мен автопарктерде ауқымды дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі", - делінген компанияның әлеуметтік желідегі хабарламасында.
24 тамыз, дүйсенбіден бастап қоғамдық көлік қалыпты жұмыс режиміне көшеді.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда демалыс күндері карантин күшейтіледі: қандай нысандар жабылады
CTS компаниясы тұрғындарға автобусқа бетпердесіз кіруге болмайтынын еске салды. Жолаушылар қоғамдық көлікке алдыңғы есіктен кіреді. Жол жүру ақысы қолма-қол ақшасыз төленеді – карта, SMS, QR-код.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда демалыс күндері карантин күшейтілетінін мәлімдеген еді: 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуы шектеледі, кейбір нысандар жұмысын уақытша тоқтатады.