Қоғам

Қазақстан-Қытай шекарасы арқылы жүк көліктерін өткізу тәртібі бекітілді

"Нұр Жолы" өткізу пунктіне өту үшін автокөлік құралдарының кезегін қалыптастыру алгоритмі қабылданды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 тамыз – Sputnik. Қазақстанда "Нұр Жолы" бекеті арқылы жүк көліктерін өткізу тәртібі бекітілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, Қытай Халық Республикасы Шыңжаң – Ұйғыр автономиялық ауданының үкіметі қатаң карантиндік шаралар енгізгеннен кейін Қазақстаннан кіретін жүк көліктерін өткізу жылдамдығы баяулады. Соның салдарынан "Нұр Жолы" өткізу пунктінде көлік саны көбейді.

"Шілде айында көршілер "Майқапшағай", "Бақты" мен "Көлжат" өткізу пункттерін жапты. Ал "Достық" пен "Нұр Жолында" қатаң карантиндік шаралар енгізілді. Бұның барлығы мемлекеттік шекараға жақын жерде жүк көлігінің көбеюіне себеп болды", - делінген ресми хабарламада.

Бүгінде ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Оған барлық құзіретті мемлекеттік орган мен кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді.

Оқи отырыңыз: Қытаймен шекарада түсірілген видео жарияланды

19-20 тамыз күндері жұмыс тобының мүшелері Қытайға баруды күтіп отырған тасымалдаушылармен көшпелі кездесу өткізді. Сол жерде "Нұр Жолы" өткізу пунктіне өту үшін автокөлік құралдарының кезегін қалыптастыру алгоритмі қабылданды.

Алгоритм

  1. 2020 жылдың 20 тамызынан бастап "Нұр-Жолы" өткізу пунктінде кезекте тұрған көлік құралдары құрғақ портқа кезең-кезеңімен көшіріледі.
  2. Кезекті әкімдік, мемлекеттік органдар, тасымалдаушылар мен автокөлік иелері қатарындағы белсенділер бірлесіп жасайды.
  3. Күнделікті тізім "Бүркіт" пен "Астана-1 ӘЖК" жүйелері арқылы тексеріліп тұрады.
  4. Экспортқа жүк тасымалдайтын көлік құралдары, Қазақстан үшін гуманитарлық көмек және үкіметтік жүктер жасыл дәліз арқылы кезексіз өткізіледі. Бірақ тиісті құжаттар болуы шарт.
  5. Кезектің тізімі "WhatsApp" әлеуметтік желісі арқылы жүк тасымалдаушылары мен жүргізушілер кіретін "Нұр-Жолы" чат тобына жіберіледі.
  6. Көлік құралдарының кезегін ҰҚК Шекара қызметі, Мемлекеттік кірістер комитеті мен көлік иелерінің ішінен тәуелсіз бақылаушылар қадағалайды.
  7. Тізім күн сайын ҰҚК ШҚ, МКК және "ҚазАвтоЖол" ақылы жүйесімен салыстырылады. Төлем жүйесінде бекітілген тізімде жоқ көлік құралдары жіберілмейді.
  8. "Нұр-Жолы" өткізу пунктіне кезек қалыптастыру және өту Құрғақ порт аумағында басталады.
  9. Мемлекеттік органдар мен белсенділер тобынан құралған мобильді бекеттер үш дислокация бойынша орналастырылады: Құрғақ порт аумағында, ақылы шлагбаум және Пенжім көпірі.
  10. Барлық жедел мәселе Панфилов ауданының әкімі бастаған комиссия отырыстарында шешіледі.
  11. 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап "Евротранзит" АҚ электрондық кезекті қалыптастыру жүйесі қолданысқа енгізіледі.
  12. Автопойыздар (тандем) бойынша жеке тізім қалыптастырылады. Автопойыздардың ҚХР аумағына кіруіне тыйым салынған.
  13. Құрғақ портта бар мүмкіндіктер:
  • ҚХР-дан келетін теміржол құрамдарын (жабық вагондар, контейнерлер) АКҚ жүктеу;
  • ТЖ платформасында АКҚ ҚХР аумағына жөнелту және кері бағытта жөнелту.

Кімге хабарласуға болады?

Сонымен, қандай да бір мәселе туындаса, келесі телефондарға хабарласуға болады:

  • ҚР ИИДМ Көлік комитеті Ахуалдық орталығы - 8 7172 983535, 8708 088 0800;
  • ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті– 8 800 080 7777, 1414;
  • KTZE құрғақ порты-Khorgos Gateway– 8 7273 49 54 08.

Қосымша ақпаратты құрғақ порттың әкімшілік ғимаратының 1-қабатынан алуға болады.