Қоғам

Министр мектептерде "Әліппе" қай кезден бастап оқытылатынын айтты

Бірінші сынып оқушылары оқу жылының бастапқы екі тоқсанында "Әліппе", ал 3-4 тоқсанда "Ана тілі" пәнін оқиды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 тамыз – Sputnik. 2021 жылдың жаңа оқу жылынан бастап Қазақстанның мектептерінде "Әліппе" мен "Ана тілі" қайта оқытылады. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министр биыл мемлекеттік стандартқа өзгеріс енгізілгенін атап өтті.

"Осы өзгерістің аясында бірінші сынып оқушылары 1-2 тоқсанда "Әліппе", ал 3-4 тоқсанда "Ана тілін" оқиды. Бүгінгі күні біз осы бағыт бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазір оқулықтарды, бағдарламаны дайындау үстіндеміз. Келесі жылы осы оқулықтар мен бағдарламалар барлық 7 мың мектепте қолданылады", - деді Аймағамбетов республикалық тамыз конференциясында.

Сонымен қатар, ведомство басшысы оқулықтардың сапасына да тоқталды.

Айтуынша, оқулық дайындаудың жаңа жүйесі енгізіледі.

"Біздің оқулықтарда өте көп кемшілік барын мойындауымыз керек. Толықтай алғанда оқулық дайындау жүйесінің өзі жетілмеген. Бұл тек баспаның, автордың немесе қандай да бір топтың кінәсі деп айтуға болмайды. Бұл жерде барлық процесті қайта бағдарлау және жаңғырту жайында сөз болып отыр", - деді министр.