Қоғам

Айсұлтан Назарбаевтың бұған дейін шықпаған суреттері жарияланды

Бұған дейін Нұрәлі Әлиев желіде Айсұлтанның суреттері мен отбасылық фотолары жинақталған видео жариялаған болатын
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 тамыз – Sputnik. Дариға Назарбаеваның тұңғыш ұлы Нұрәлі Әлиев дүниеден өткен бауыры Айсұлтан Назарбаевтың фотоларын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Әлиев алдымен інісінің Ұлыбританиядағы корольдік әскери академиясын оқыған кездегі суреттерін салған. Ол жерде Айсұлтанның группаластарымен бірге түскен фотосын, Қазақстанның және академияның формасын киіп тұрған сәтін, сондай-ақ, әскери жаттығуларға қатысқан суретін көруге болады. Ал тағы бір фотода Айсұлтан Назарбаев қару-жарақ ұстап тұр. Ол осы академияны 2010 жылы тәмамдаған. 

Бір сағаттан кейін Нұрәлі Әлиев бауырымен бірге бала кезінде түскен фотоларын жариялады. 

   

Айсұлтан Назарбаев қалай қайтыс болды

Айта кетейік, тамыздың 15-інен 16-ына қараған түні Ұлыбританияның астанасы Лондон қаласында Айсұлтан Назарбаев қайтыс болды. Қазіргі кезде Елбасы жиенінің қайтыс болу себебі анықталып жатыр. Алдын ала болжам бойынша оның жүрегі тоқтап қалған. Айсұлтан Назарбаев 30 жаста еді.

Айсұлтан Назарбаев туралы не белгілі

Айсұлтан Назарбаев – Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің екінші ұлы. Оны бұқаралық ақпарат құралдары көбінесе "Елбасының сүйікті жиені" деп атайды.

1990 жылы 26 тамызда өмірге келген. Бала кезден футболға қызыққан. 2006 жылы Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының сапында Еуропа чемпоинатының іріктеу турниріне қатысты. "Челси" және "Портсмут" жастар командалары мен қазақстандық "Астана" командасында ойнаған.

2013 жылы "ҚазРомГаз" АҚ басшысы Қайрат Боранбаевтың қызына үйленген болатын. 2016 жылдың жазында екі жастың отбасында Амели есімді қыз дүниеге келді.

Оқи отырыңыз: Айсұлтан Назарбаев жерленді делінген Кеңсай-2 зиратында не болып жатыр

2019 жылдың сәуір айында Айсұлтан Назарбаев фейсбуктегі жеке парақшасында аты-жөнін Айсұлтан Рахат (Aisultan Rakhat) деп, ал отбасылық жағдайын "ажырасқан" деп өзгерткен.

Ондағы мәліметке сүйенсек, тұңғыш президенттің жиені 2019 жылдың 5 ақпанында ажырасқан.

Англиядағы клиника

Англияда есірткіге тәуелділерге арналған клиникада ем қабылдады. Бұдан соң Айсұлтан Назарбаев әлеуметтік желідегі парақшасында бірнеше жазба жариялады. Олар Қазақстанда қоғамдық резонанс тудырды.

Айта кетейік, бұған дейін Айсұлтанның ағасы желіде видео жариялаған болатын. Онда Айсұлтан Назарбаевтың суреттері мен отбасылық фотолары жинақталған. Канадалық әнші The Weeknd-тің "Final Lullaby" ("Соңғы бесік жыры") әні ойнайды. 

"Қымбатты бауырым, дәл қазір менің қандай сезімде екенімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Көп нәрсе айтылмай қалды. Сен мәңгілік менімен бірге қаласың. Сені үнемі жақсы көретін боламын. Жатқан жерің жайлы болсын", – деп жазды Нұрәлі Әлиев.