Экономика

Алматыда сұранысқа ие бес тауардың бағасы төмендеді

Тамыз айының басынан бастап жүргізілген жедел шаралардың арқасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қатарындағы бес тауардың бағасы арзандады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 20 тамыз – Sputnik. Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Қарлығаш Әбдіжаббарова азық-түлік бағасын төмендету шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бес тауардың бағасы төмендеді 

"Ең алдымен, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесінің Алматы қаласы әкімдігінің ерекше бақылауында тұрғанын атап өткім келеді. Бағаларды ұстап тұру үшін кешенді шаралар қабылданады", - деді Әбдіжаббарова онлайн брифингте. 

Оның айтуынша, аудандық әкімдіктерімен бірлесіп, апта сайын негізгі 29 сауда нысанында (сауда желілері, базарлар, Алтын Орда) әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасына мониторинг жасалып, түсіндіру жұмысы жүргізіледі. Ал бағаны негізсіз өсіру анықталса, басқа тауар жеткізушілердің қызметі ұсынылады.

Осылайша, тамыз айының басынан бастап жүргізілген жедел шаралардың арқасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қатарындағы 5 тауардың бағасы төмендетілді. Олар -  күріш ("Сары-Арқа", "Көк Базар", "Арыстан"), картоп ("Көк базар", "Тоймарт", "Carefood"), пияз ("Сары-Арқа", "Көк базар"), қант ("Саудакент", "Жаңа Ақбұлақ") және қарақұмық жармасы ("Көк базар", "Алматы-1"). 

Карантинде атқарылған шаралар

Қала әкімдігі карантин кезінде бақылау шараларын жүргізіп, бірқатар тауар бойынша бағаны тұрақтандыруға күш салды.

  • сәуірде азық-түліктің 9 атауы бойынша баға төмендетілді. Олар: ұн, қарақұмық жармасы, құс еті, сүт, айран, ірімшік, жұмыртқа, қырыққабат пен тұз өнімдері;
  • мамырда 6 түрі: сиыр еті, құс еті, сүт, айран, қырыққабат пен тұз өнімдері;
  • маусымда азық-түліктің 10 түрі: күріш, қарақұмық жармасы, сиыр еті, айран, ірімшік, жұмыртқа, картоп, пияз, сәбіз бен қант өнімдері;
  • шілде айында 7 түрі: сүт, айран, ірімшік, жұмыртқа, картоп, сәбіз, пияз бен қант өнімдері;
  • тамыз айының басынан бері азық-түліктің 6 түрі: күріш, сүт, айран, картоп, сәбіз бен пияз бойынша бағалар төмендетілді.

Бағаны реттеу

Әбдіжаббарованың айтуынша, карантиндік шаралар енгізілген сәттен бастап өңірлерден ауылшаруашылығы өнімдерін қаланың сауда желілеріне тікелей жеткізу мәселесі пысықталды. Атап айтқанда, Түркістан облысынан 300 тоннадан астам қырыққабат, Қызылорда облысынан 850 тонна күріш және Ақмола облысынан 350 тонна макарон өнімдері жеткізілді. Оған қоса, басқа аймақтардан көкөніс жеткізу жұмысы атқарылуда.

Бұдан бөлек, қаланың 250 сауда нысанына бекітілген бағамен (1850 тг/кг), сиыр етін жеткізу ұйымдастырылды. Жылдың соңына дейін осы өнім 500 сауда нысанына жеткізіледі. 

Қазіргі кезде арнайы меморандумдар аясында 27 сауда нысандарымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына қойылатын сауда үстемесін (үстеме бағасын) 15%-дан асырмай сақталуына мониторинг жүргізіледі.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірушілеріне субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау да көрсетіледі. Ал мемлекеттік қолдау алатын қаланың өндіруші-кәсіпорындарымен (Масло Дел ЖШС, "Молочный завод Солнечный","BRB APK", 4 наубайхана) жылдың соңына дейін өндірілген өнімге бағаны бекіту туралы келісімдер жасалды.

"Жүйелі және жедел шаралар қабылдаудың арқасында, карантин режіміне қарамай, қала әкімдігі азық-түлік тауарларының бағалары тұрақтандырылуда. Жұмыс жалғасуда және ерекше бақылауда тұр", - дейді Әбдіжаббарова.