Қоғам

Тоқаев Түркістан облысына не үшін барғаны белгілі болды

Президент Мақтаарал ауданына барып, Сардоба су қоймасында болған апаттың салдарын жою жұмыстарымен танысып, тұрғындармен кездеседі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 20 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.  

Тоқаев сапар барысында Мақтаарал ауданына барып, Сардоба су қоймасында болған апаттың салдарын жою жұмыстарымен, зардап шеккен азаматтар үшін салынған тұрғын үйлердің құрылысымен танысып, тұрғындармен кездеседі.

"Өте қауіпті симптом": Тоқаев ұсталған облыс әкімдері жайлы айтты

"Бұдан кейін Арыс қаласына барады. Онда былтыр жарылыс болған әскери бөлімді қайта қалпына келтіру жұмысымен танысып, тұрғындар үшін жаңадан салынған және жөнделген үйлерді, қайта қалпына келтірілген теміржол вокзалын аралап көреді", - деп жазды Уәли Facebook парақшасында.

Қазақстан президенті жұмыс сапарының соңында Түркістан қаласына барып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі жөндеу жұмыстарын көріп, "Сапар орталығының" қызметімен танысып, жаңадан салынған "Жібек жолы" саябағын аралайды.

Қазақстанның оңтүстігіндегі су тасқыны

2020 жылдың 1 мамырында Өзбекстанның Сырдария облысында Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, алты адам қаза болды.

Қазақстанның оңтүстігінде бірнеше ауыл зардап шекті. 1030 үй мен мектеп, балабақша, медициналық объектілерді су басты. Елді мекендерден 31 мыңнан астам адам көшірілді. Түркістан облысында техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Қазіргі уақытта барлық үйден су сорылды.

Арыстағы жарылыс 

2019 жылдың 24 маусымында Түркістан облысы Арыс қаласында әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыс болды.  

Төтенше жағдай салдарынан төрт адам қаза тапты: екі әскери қызметкер, бір жергілікті тұрғын және бір бала. 

Төрт айдан кейін Арыс маңындағы полигонда оқ-дәрілердің жиналған бөлшектерін жою жұмыстары кезінде әскери бөлім инженерлік қызметінің басшысы көз жұмды.