НҰР-СҰЛТАН, 20 тамыз – Sputnik. Қазақстанның сыртқы сауда айналымы айтарлықтай төмендеді. Бұл туралы онлайн байланыс арқылы халық алдында есеп берген сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бүгінде әлем бойынша сауда байланыстары баяулады. Соның салдарынан бірінші жартыжылдықта Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 7,4 процентке төмендеді. Өкінішке қарай, Еуразиялық одақ аясында бұл көрсеткіш одан да көп – 10 процентке төмендеді", - деді Сұлтанов.
Оқи отырыңыз: ЕАЭО мықты экономикалық одаққа айналуы тиіс – Тоқаев
Министрдің айтуынша, бүгінде жалпыға ортақ тауарларды сыртқа шығару тиімсіз. Себебі Қазақстанның жері кең, ал ондай өнімді тасымалдағанда жол шығындары көп болады. Шетелге жеткенше бағасы өсіп кетеді. Содан отандық өнім осы санаттағы өзге елдің тауарымен бәсекеге түсе алмайды. Сондықтан авиақұрылысқа қажетті қосалқы бөлшектер сияқты арнайы тауарларды тасымалдаған тиімді. Ондай өнім Қазақстанның шығыс өңірлерінде шығарылады.
"Сосын отандық компаниялар тепловоздарды сата бастады. Оны да сыртқа шығаруға болады. Ал басқа өнімдерді логистика жағынан тасымалдаған тиімсіз", - деп түсіндірді Сұлтанов.
Оның пікірінше, сыртқы сауданы жандандыру үшін алдымен жақын көршілермен арадағы сауда-саттықты күшейткен дұрыс.
"Сыртқы сауданы алдымен жақын көршілермен дамытқан маңызды. Басқа бірлестіктер де солай істеп жатыр. Мәселен, Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің өзара тауар айналымы барлық сауда көлемінің 63 процентін алып отыр. Өкінішке қарай, Еуразиялық одақ аясында тауар айналымы небәрі 14 процентті құрайды. Ал пандемияның салдарынан осы көрсеткіш 11 процентке дейін түсіп кеткен", - дейді Сұлтанов.