АЛМАТЫ, 20 тамыз — Sputnik. Алматы облысының полициясы жүк көлігіне итті байлап сүйреген көлік жүргізушісін ұстады.
Әлеуметтік желіде жүргізушінің көлікпен итті сүйреп бара жатқан видеосы тараған болатын. Оқиға 20 тамызда Құлжа тасжолында болған. Алматы облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, көлік иесі анықталды.
"Әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында жануарларға қатыгездік танытылған видео анықталды. Көлік жүргізушісін анықтау және ұстау бойынша жедел іс-шара ұйымдастырылды. Нәтижесінде Еңбекшіқазақ ауданының 37 жастағы тұрғыны ұсталды ", - деп хабарлады полиция.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам қоқыс шығарумен айналысады. Ол жол бойында жатқан ит өлексесін көргенін айтыр отыр. Көлікке байлап, адам жоқ жерге апарып тастамақ болған.
Полиция оның сөзінің рас-өтірігін анықтап жатыр.
Желі қолданушыларының кейбірі "ит тірі болмаған соң, сүйреп айдалаға апара жатыр" деген пікір білдірсе, енді бірі "мұндай қатыгез адамды жазалау керек" деген ой айтқан.
Оқиғаға қатысты Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының полиция басқармасында Қылмыстық кодекстің 316-бабы ("Жануарларға қатыгездік жасау") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
Бұл бапқа сәйкес, бір жүз жиырма айлық есептік көрсеткішке (1 АЕК - 2778 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылады. Сондай-ақ, бір жүз жиырма сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тарту не отыз тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу жазасы да қолданылуы мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін Атырауда тоңазытқыштың есігімен итті тұншықтырған ер адамға қатысты іс қозғалған болатын. Жануарларға қатыгездік таныту фактісі бойынша қолға түскен күдікті ер адам көпшілік алдында кешірім сұрады. Алайда көп ұзамай иттің ауыр жарақат алмағаны ескеріліп, іс тоқтатылды. Кейіннен заңгер Жангелді Сүлейменов іс қайта қозғалатынын хабарлады.
Тағы оқыңыз: Шымкентте түсірілген видео жұрттың жағасын ұстатты - полиция түсініктемесі