Қоғам

Оқушылардың білімін бағалау жүйесі уақытша өзгеруі мүмкін

Педагогикалық кеңестерде білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау жүйесіне уақытша өзгерістер енгізу жайы талқыланып жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 тамыз – Sputnik. Биыл жаңа оқу жылы қашықтан білім беру форматында басталады. Осыған байланысты мектеп директорлары педагогикалық кеңес өткізіп жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқи отырыңыз: Министрлік мектепке баратын оқушыларға сабақ беру тәртібін түсіндірді

Ведомствоның мәліметінше, білім беру ұйымдарының басшылары қарамағындағы қызметкерлерге мектепте оқу жылы қалай басталатынын, штаттық режимде оқитындар үшін қандай санитарлық қауіпсіздік шаралары қабылданғанын түсіндіруге кірісті. Сондай-ақ ұжымға балаларды қашықтан оқыту үшін мектеп қандай платформаны таңдағаны және бағалау жүйесіне қандай өзгерістер енгізілгені туралы айтылады.   

"Педагогикалық кеңесте сабақты ұйымдастыруға қатысты сан алуан ұсыныстар талқыланып отырады. Шалғайдағы ауылдық елді мекендерде орналасқан шағын жинақты мектептерде күндізгі форматта оқытуды ұйымдастыру жұмыстары да назардан тыс қалмайды", - дейді министрлік мамандары.

Күн тәртібінде карантиндік және шектеу шаралары жағдайында 2-11 (12) сыныптардағы оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау мәселесі қаралып жатыр.

"Педагогикалық кеңестерде білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау жүйесіне уақытша өзгерістер енгізу жайы талқылануда", - делінген ресми хабарламада.