Қоғам

Жемқорлық қоғамның қалыпты құбылысына айналып кетуі мүмкін - мемлекет басшысы

Президент үкіметке қағазбастылық пен бюрократияға салынбай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі берген ұсыныстарды бір ай ішінде жан-жақты пысықтауды тапсырды
Sputnik

АЛМАТЫ, 19 тамыз — Sputnik. Ел азаматтарымен диалог орнату арқылы сыбайлас жемқорлық белең алып, қоғам наразылығын туғызып жүрген түйткілді салаларды анықтауға болады. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңесте айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Айтуынша, мемлекеттік органдар жағдайды түзеуге қаншалықты тырысса да, олар қоғамның қолдауынсыз табысқа жете алмайды. Сол себепті азаматтарда парасаттылық идеологиясы қалыптасуы керек.

"Қазір бұл бағытта үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Академиялық адалдық лигасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы волонтерлар клубы, адалдық дүңгіршектері және өзіне-өзі қызмет көрсету кассалары – мұндай жобалар туралы ақпарат кеңінен насихатталуы қажет", - деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық бағыты бойынша қоғамдық бақылауды күшейтуді тапсырды.

Кеңес барысында президент адамдардың жоғары оқу орны, колледж, тіпті, мектептердегі сыбайлас жемқорлықты айтып шағымданатынын, жемқорлық қоғамның қалыпты құбылысына айналып кетуі мүмкін екенін айтты.

"Азаматтармен диалог орнату арқылы сыбайлас жемқорлық белең алып, қоғам наразылығын туғызып жүрген түйткілді салаларды анықтауға болады. Адамдар бұрынғыша жоғары оқу орны, колледж, тіпті, мектептердегі сыбайлас жемқорлықты айтып, шағымданады. Жемқорлық азаматтарымыздың бойына сіңіп, тіпті, қоғамның қалыпты құбылысына айналып кетуі мүмкін. Басты мәселе – осы", - деді Тоқаев.

Айтуынша, жолдың сапасына байланысты жұртшылық алаңдап отыр. Ал кәсіпкерлер жер комитеті, өртке қарсы қызмет, салық және кеден органдарын жемқорлық жайлаған деп есептейді.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясы маған су шаруашылығы саласында айтарлықтай түйткілдер бар екенін хабарлады. Осы мәселелер бойынша қоғамдық бақылау тетігі жұмыс істеуі керек. Бұл шараға үкіметтік емес ұйымдарды тартқан жөн. Оларды нормативтік-құқықтық актілерді сараптау ісіне қатыстыру қажет", - деді президент.

Кеңес соңында президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл, онымен ымырасыз күрес қоғамның өзекті мәселесінің біріне айналғанына көп жылдың болғанын, үкіметке қағазбастылық пен бюрократияға салынбай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі берген ұсыныстарды бір ай ішінде жан-жақты пысықтауды тапсырды.

Соның нәтижесі бойынша нақты шаралар кешені жасалуға тиіс. Негізгі мақсат – жемқорлықтың тамырына балта шабу, оны түбегейлі жою. Бұл жұмысты еш созбалаңға салмай, қарқынды түрде жүргізу қажет. Президент әкімшілігі қолға алынған барлық шараларды қатаң бақылауға алып, нәтижесін маған үнемі хабарлап отыруы керек, деп қорытындылады мемлекет басшысы.