Қоғам

Тоқаев елдегі жағдайды пайдаланғандар туралы: адам қаншалықты арсыз болуы керек?

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңестің отырысы өтті
Sputnik

АЛМАТЫ, 19 тамыз — Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне үкіметпен бірлесіп, тұрмыстық жемқорлықпен күрес жөніндегі жол картасын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Күнделікті өмірде жемқорлық жағдайларына тап болған жұрт шарасыз күйге түседі, әділдіктің бар екеніне сенбейді. Пандемиямен жалпы ұлттық деңгейде жаппай күрес жүріп жатқанда пайда табу үшін адам қаншалықты арсыз болуы керек? Мысалы, Алматыдағы Жетісу ауданы әкімдігінің қызметкерлері азаматтарды блок бекеттен өткізу үшін үнемі пара алып отырған", - деді президент.

Мемлекет басшысы мұндай деректер бірнеше өңірде байқалғанын айтты. Тіпті, барлық жерде осылай болған шығар деп ойлаймын, деді Тоқаев.

"Азаматтарымыз тұрмыстық сыбайлас жемқорлықпен бетпе-бет келіп отырған кезде сіз бен біздің істеп жатқан жұмысымыздың еш тиімділігі болмайды. Ешқандай халықаралық рейтингтің де керегі болмай қалатыны түсінікті. Түрлі тарту-таралғы беру, сыйлық талап ету, диплом сатып алу – келмеске кетуі керек", - деді Тоқаев.

Айтуынша, ол үшін қоғамда жемқорлықтан жаппай жиренуге қол жеткізу қажет. Ол үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі үкіметпен бірлесіп, тұрмыстық жемқорлықпен күрес жөніндегі жол картасын әзірлеуі тиіс.