Қоғам

Қарбызды кімге жеуге болмайды – дәрігер кеңес берді

Қарбызда пайдалы витаминдер, антиоксиданттар мен минералдар бар, сондықтан қарсы көрсетілім болмаса, қарбызды жеп отырған дұрыс, дейді маман
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 тамыз – Sputnik. Қант диабеті, жүрек-қан тамыр мен несеп шығару жүйесі ауруларына шалдыққан адамдарға қарбыз жеуді барынша шектеу керек. Ресейлік диетолог, медицина ғылымдарының кандидаты Андрей Бобровкский осындай кеңес берді, деп хабарлады РИА Новости. 

"Қарбызда сұйықтық көп, оны бәрі біледі. Ал адамда күретамыр қысымы болса, әсіресе, бүйрегі дұрыс істемесе, қарбыз біраз проблема әкелуі мүмкін. Себебі ондай адамның бүйрегі сұйықтықты өңдеп үлгермейді. Содан ағзада артық сұйықтық қалады да, қанның көлемі көбейеді. Бұның барлығы гипертонияны қоздырады", - дейді дәрігер.

Оның айтуынша, қарбыз аллергияға да себеп болуы мүмкін. Мәселен, кей кезде адамдар алкоголь ішкеннен кейін қарбыз жейді. Артынан аллергия шығады. Оның себебі мынада, алкоголь адам ағзасының аллергендерге қарсы қорғанысын төмендетеді. Сол себепті ішімдіктен кейін аллергия реакциясы қозып кетуі мүмкін. 

Диетолог қарбыз диетасына да тоқталды. Жазда көбісі осы диетаға отырады. Ал оны дұрыс ұстамаса, пайдасынан зияны көп.   

"Әрине, диета кезінде қарбызды қолдануға болады. Бірақ тек оны ғана жеп отырған дұрыс емес. Бұл толыққанды тамақ емес, таза көмірсулар. Ал дұрыс диетаға міндетті түрде ақуыздар мен майлар кіреді. Сосын қарбыздың құрамында кәдімгідей қанттың үлесі басым", - де атап көрсетті диетолог.

Оқи отырыңыз: Коронавирустан жазылғандар үшін бес кеңес

Дәрігердің сөзіне қарағанда, теориялық тұрғыда адам бір күнде қарбыз мәйегінің 1-2 келісін жей алады. Алайда артық жеп қоймау үшін алдын ала жейтін мөлшерін белгілеп алған дұрыс. Әсіресе, қант диабеті бар адамдарға абай болу керек. Себебі қанда глюкозаның деңгейі көтеріліп кетуі мүмкін. 

"Негізі, осы жидекте пайдалы витаминдер, антиоксиданттар мен минералдар бар. Сондықтан қарсы көрсетілім болмаса, қарбызды жеп отырған дұрыс. Алайда түнде тым кеш жеуге болмайды. Жатардың алдында 2-3 сағат бұрын жеп алғаныңыз жөн. Сонда ағзаңыз артық сұйықтықты шығарып үлгереді", - деді Бобровский.