НҰР-СҰЛТАН, 18 тамыз – Sputnik. Қазіргі кезде Нұр-Сұлтан қаласындағы стационарларда 343 адам коронавирус пен пневмониядан емделуде, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Елордада коронавирус пен пневмонияның төмендеуіне байланысты науқастарды емдейтін стационарлар босап жатыр. Ауруханаға жатқызылғандардың саны бір жарым айда 10 есе азайды.
"5 шілдеден бері қарай ауруханаға жатқызылған науқастардың саны індеттің өршуі кезіндегі 4 мыңнан 343 адамға немесе 10 есе азайды. Тиісінше, төсек қорының жүктемесі 99%-тен 17,2%-ке дейін азайды. Стационарларда КВИ расталып, ауруханаға жатқызылған науқастар саны 2 000-нан 137-ге дейін (14 есе), ал пневмониямен сырқаттанғандар 1 333-тен 198-ге дейін (7 есе) азайды", - деді елордалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.
Сондай-ақ, пандемия кезінде коронавируспен күресуге жұмылдырылған денсаулық сақтау объектілердің саны да қысқаруда. Яғни, алты денсаулық сақтау нысаны кезең-кезеңімен жабылды. Дегенмен, эпидемиологиялық жағдай асқынған жағдайда олардың жұмысы жедел қалпына келтіріледі.
Нұр-Сұлтанда жедел жәрдем станциясына келіп түсетін шақырулар мен азаматтардың өтініштері азайғаны байқалады. Коронавирус індеті бойынша түсетін қоңыраулар саны тәулігіне 500-ден 6-ға дейін төмендеген.
"Қала тұрғындарынан түскен өтініштердің жалпы саны тәулігіне 3 мыңнан 1 мыңға дейін төмендеді. Ал КВИ бойынша шақырулар тәулігіне 500-ден 6-ға дейін азайды", - деді Мұратов.
Нұр-Сұлтанда жедел жәрдем базасында аумақтық емханалардың орта медициналық қызметкерлерінен 70-51-03 нөмірінен құралған байланыс орталығы ұйымдастырылды. Олар тәулігіне 500-ге жуық өтініш қабылдап, барлығы 9,5 мың өтініш бойынша кеңес берген.
Оқи отырыңыз: Алматыда екі полицейдің өмірін қиған апаттың куәгері: жедел жәрдем кеш келді
Айта кетейік, қазіргі уақытта елордада 10 стационар іске қосылған. Бүгінде қала бойынша инфекцияның 13 500-ден астам жағдайы тіркеліп, 10 219 науқас (75%) емделіп шықты.