Спорт

Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері қайтыс болды

Рәзия Нүркенова елу екі жасында дүниеден озды, Қазақстан футбол федерациясы марқұмның жақындарына көңіл айтады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 тамыз – Sputnik. Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Рәзия Нүркенова мезгілсіз қайтыс болды.

"Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы Рәзия Төлеуқызы Нүркенова 52 жастан асқан шағында кенеттен қайтыс болды. Қазақстан футбол федерациясы Рәзия Нүркенованың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты қатты қайғырады", - делінген федерацияның ресми сайтында.

Қазақстан футбол федерациясынан хабарлағандай, спорт мамандары мен жанкүйерлердің ортасында Рәзия Нүркенова еліміздің тәуелсіз тарихындағы Қазақстан құрамасының алғашқы шабуылшысы ретінде танымал.

Рәзия Нүркенова спорт мансабын қарағандылық "Олимп" әйелдер футбол клубында бастап, ол жерде 1987-1991 жылдар аралығында ойнады. Тұрақты түрде команда капитаны болып сайланып отырды.

Тағы оқыңыз: "Суық хабар жетті": үш қазақстандық балуан жол апатынан қаза болды

1992 жылы Ресейдің Самара қаласының ЦСКА ВКС футбол клубынан шақырту алады. 2001 жылға дейін шабуылдаушы жартылай қорғаушы болып ойнады.

Рәзия Нүркенова Қазақ КСР, КСРО, ТМД, Қазақстан және Ресей құрамаларына да шақырылған.

Футбол ойнауды тоқтатқан соң футбол төрешісі, кейін бапкерлік қызметпен айналысты.

Футболдан Қазақстан және Ресей спорт шебері. Ресейдің үш дүркін чемпионы (1993, 1994, 1996), Ресей кубогының иегері (1994), Достастық кубогының иегері (1996).

Қазақстан футбол федерациясы Нүркенованың өмірден мезгілсіз өтуіне байланысты қатты қайғырып, марқұмның отбасына көңіл айтады.