АЛМАТЫ, 18 тамыз — Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептерде экологиялық білімді енгізу қалай жүргізілетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Көбейтұз көлінің ластануына және Каспий теңізіндегі итбалықтарды ұруға байланысты қоғамдық резонанс тудырған оқиғалар экологиялық мәдениет пен экологиялық тәрбиенің маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті. Бұл бағытта түрлі институттар жұмыс атқаруы тиіс, дегенмен білім беру мекемелерінің рөлі мен орны ерекше. Балаларға ерте жастан бастап табиғатты аялауды, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды, ресурстарды ұтымды пайдалануды үйрету аса маңызды", - деп жазды министр Facebоok парақшасында.
Білім министрі мемлекет басшысы мектептерде экологиялық білімді енгізуді тапсырғаннан кейін бірнеше шешім шығарылғанын хабарлады. Айтуынша, бұл бастаманың басым бөлігі биыл іске асырылады.
Ең алдымен, жаңа оқу жылында барлық мектепте экология тақырыбы бойынша арнайы сынып сағаттары өткізіледі. Қазір педагогтар мен сарапшылар барлық сыныпқа арналған бағдарламаларды даярлап жатыр.
"Бұдан бөлек экологияға қатысты тақырыптарды мектепте оқытылатын пәндердің мазмұнына енгізу мәселесі қарастырылуда. Арнайы пән мәселесі бойынша да әдістемелік жұмыс жүргізіліп жатыр", - деді білім министрі.
Сонымен қатар министрдің айтуынша, балалардың ата-аналары да экологиялық сауатты болуы үшін тиісті жұмыс жүргізіледі.
"Балалар ғана емес, олардың ата-аналары да экологиялық сауатты болуы керек. Олар табиғатты қорғау мен ластамауда өз балаларына үлгі бола білуі қажет. Бұл жұмысты жүргізудің маңызы зор", - деп атап өтті министр.
Оқушылар арасында экологиялық бағыт бойынша "Дарын" орталығы базасында ғылыми жобалар конкурсы өткізіледі. Эко-квестер, шеберлік сағаттары, театр қойылымдарын дайындау, қайта өңделетін шикізатты пайдалана отырып, экоматериалдан бұйымдар дайындау секілді жұмыстар ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, үйірме, клубтар, балалар сарайы арқылы да экологиялық білім беру жұмыстары жанданады.
Жаңа жоба
Сонымен қатар білім және ғылым министрлігі 2020-2021 оқу жылында Біріккен ұлттар ұйымының даму бағдарламасымен бірлесіп, оқушылардың экологиялық мәдениет, экологиялық білім және тәрбие деңгейін арттыру бойынша жаңа жобаны іске асыруды бастайды.
Бұл жоба аясында жер, ауа, су, энергия сияқты маңызды экологиялық аспектілерді қамтитын ақпараттық-білім беру бағытында бейнесюжеттер, көпсериялы анимациялық бейнероликтер түсіріледі. Сондай-ақ, осы бағыттар бойынша интерактивті онлайн-сабақтар дайындалады.
"Эко-акциялар, тақырыптық көрмелер, мектепті үздік көгалдандыру байқаулары сынды іс-шаралар сериясын жүйелі түрде жүргізуді жоспарлап отырмыз. Білім беру ұйымдары жанынан экологиялық алаңдар (жылыжай кешені, тиімді жарықтандыру, күн панельдері, тамшылатып суару, сенсорлық крандар) құрғымыз келеді", - деді Аймағамбетов.
Айта кетейік, бұған дейін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде экологиялық білім беретін міндетті сынып сағаттар мен факультатив сабақтар енгізілетінін хабарлады.