Өңірлер

Алматыда төрт лауазымды полицей қызметінен қуылды

Үш жыл бойы бюджет қаражатын жымқырған процессинг орталығының басшысы ұсталғаннан кейін тәртіптік комиссия өтті   
Sputnik

АЛМАТЫ, 18 тамыз — Sputnik. Алматы қаласы полиция департаменті процессинг орталығының басшысы ұсталғаннан кейін төрт полицей жазаланды. Бұл туралы департамент басшысы Қанат Таймерденов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Процессинг орталығы басшысының ұсталуына қатысты түсініктеме бере алмаймын, себебі істі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қарап жатыр. Иә, біздің қызметкерлер ұсталды, тәртіптік комиссия өтті, төрт басшы қызметінен босатылды", - деді брифингте Алматы полиция департаментінің бастығы.

Сонымен қатар Таймерденов бұл полиция қызметкеріне сай әрекет емес екенін атап өтті.

Айта кетейік, 2020 жылдың 14 тамызында Алматы қаласы полиция департаменті процессинг орталығының басшысы мен қызметкері 800 мың теңге көлемінде ақшалай қаражат алып жатқан кезде ұсталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, ол үш жылдан бері бюджет қаражатын жымқырған.

Оқи отырыңыз: Алматы полициясының лауазымды қызметкері қылмыс үстінде қолға түсті – видео 

Күдіктілер 2017 жылдан бастап жалған сот орындаушысымен сөз байласып, жол қозғалысы ережелерін бұзған адамдардың ақшасын алып, қалтасына басып отырған.

Алдын ала дерек бойынша, аталған тұлғалардың қылмыстық әрекетінен мемлекет бюджетіне 25 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық үшін төленуі тиіс 270 миллион теңгеден астам қаржы түспеген.

Екі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.