НҰР-СҰЛТАН, 17 тамыз – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахмет коронавирусқа қарсы вакцина кімдерге тегін салынатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте журналистер коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны арнайы топтарға ғана емес, басқа адамдарға да тегін салу мәселесін көтерді.
Министрліктің ресми өкілі вакцина 2 миллион 182 мың адамға тегін салынатынын жеткізді. Олар – 65 жастан асқан және созылмалы аурулары бар адамдар, қант диабеті мен өкпенің обструктивті ауруына шалдыққандар. Ал дені сау және жұмыс істейтіндер вакцинаны өз ақшасына сатып алады.
"Дені сау және жұмыс істейтін адам өзін-өзі қамтамасыз етуі керек қой. Вакцинаны да өзі сатып алуы тиіс. Бұл – менің жеке пікірім. Осыны түсінетін адамдар маған қосылады деп ойлаймын. Жалпы, осы мәселені денсаулық сақтау министрлігінің басшылығына жеткіземін. Сосын қосымша жауап беремін", - деді Қожахмет.
Вакцина қанша тұрады?
Жақында Қазақстан COVAX Facility халықаралық бағдарламасына қосылды. Келісім бойынша коронавирусқа қарсы вакцина шыққан бойда оны еліміздегі халықтың 20 процентіне бірден жеткізіп береді. Осылайша, 3,6 миллион вакцина барлық мемлекетпен бірдей уақытта түседі.
Бүгінде вакцинаны тегін алатындардың нақты саны анықталды. Барлығы – 2 182 000 адам. Ішінде 65 жастан асқандар, жүрек-қан тамыры аурулары, қант диабеті және өкпенің обструктивті ауруы, созылмалы ауруы бар азаматтар бар. Медицина қызметкерлеріне де вакцина тегін салынады.
Қазақстанға келетін 3 миллионнан астам вакцинаның басым бөлігі тегін таратылса, қалғаны сатылады. Бағасы 4,2-8 мың теңгенің айналасында болады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина бірінші кезекте кімдерге егіледі
Айта кетейік, COVAX Facility бағдарламасына бірқатар халықаралық ұйым бастамашы болды. Олар – Иммундау мен вакциналар жөніндегі жаһандық альянс (GAVI), Эпидемияларға дайындықты қамтамасыз ету саласындағы инновациялар үшін коалиция, (CEPI) және Дүниежүзілік денсаулық ұйымы. Сондай-ақ, вакцина өндірушілер мен халықаралық корпорациялар қолдау білдірді.
GAVI-мен келісім жасайтын мемлекеттер 31 тамызға дейін 15 проценттік алдын ала төлемді аударып беруі тиіс. Ал вакцина түскенде толық сома төленеді. Әзірше Қазақстан қаржыны аудару туралы келісімшартқа қол қойған жоқ.