Қоғам

Министрлік коронавирус әсер етіп, бірақ басқа аурудан қайтыс болғандар туралы айтты

Министрліктің ресми өкілі мәліметті жаңартқан күннің өзінде өлімнің негізгі себебі өзгермейтінін алға тартады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 тамыз – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахмет ағзасында коронавирус табылса да, басқа аурудан қайтыс болғандар туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте журналистер осы санаттағы науқастар туралы сұрады. Мәселен, 23 шілде күні ағзасынан коронавирус табылған, бірақ басқа аурудан қайтыс болған 319 адам жайында айтылған болатын. Тілшілер ондай адамдардың саны нешеге жеткененін және көп жағдайда қандай аурудан қайтыс болатынын сұрап сауал қойды.

Министрліктің ресми өкілі қолында дерек болмағандықтан соңғы мәліметті жариялаған жоқ. Бірақ мәліметті жаңартқан күннің өзінде өлімнің негізгі себебі өзгермейтінін айтты.

"20 шілдедегі есеп 319 адам дедік қой. Оларға коронавирус қосымша диагноз ретінде қойылған. Бірақ науқастардың өліміне басқа аурулар себеп болған. Негізгісі – қан айналымы жүйесінің аурулары. Одан науқастардың 68 проценті көз жұмды. Қатерлі ісіктен 15 адам, яғни 4,7 процент, жүйке жүйесі ауруларынан 10 науқас – 3 процент, ал жарақат алғандардың саны 1-ақ процент болды. Негізі, жаңа цифрлар белгілі болғанымен, проценттік көрсеткіштер өзгермейтін шығар", - деді Қожахмет.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда коронавирустық инфекцияның таралуы күннен-күнге төмендеп келеді. Нәтижесінде медициналық мекемелердің жүктемесі азаюда. Сонымен қатар, кейбір өңірлерде науқастар түгел жазылып шыққан. Ал кейбір ауруханалар бос тұр.

"Мәселен, Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы инфекциялық бөлім қазір бос тұр. Яғни, аталған ауданда коронавируспен ауыратын науқастар жоқ", - деп атап көрсетті Қожахмет.

Оқи отырыңыз: Ғалымдар коронавирус пандемиясы тағы қанша уақытқа жалғасатынын айтты