Қоғам

Қазақстанның жартысы күзге енгендей кейіпте болады: 3 күнге ауа райы болжамы

Солтүстікке суық циклон келе жатыр. Кей жерлерде найзағай ойнап, дауылды жел тұрады, қатты жаңбыр, бұршақ жаууы мүмкін
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 тамыз — Sputnik. Қазгидромет мамандары 18-20 тамызға ауа райы болжамын жасады. 

Синоптиктердің мәліметінше, алдағы үш күннің синоптикалық жағдайына суық циклон әсер етеді.

"Қазақстанның солтүстік жартысы күзге енгендей кейіпте болады. Күзгі салқын түсіп, жаңбыр жауады, кей жерлерде найзағай ойнап, дауылды жел тұрып, қатты жаңбыр, бұршақ жаууы мүмкін. Түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі", - делінген хабарламада.

Күндіз ауа температурасы 15-20 градусқа дейін төмендейді.

Республиканың оңтүстік өңірлерінде де өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз температура 22-30-дан 30-35 градусқа дейін жылынады.

Оқи отырыңыз: Синоптиктер жаздың соңғы айында ауа райы қандай болатынын айтты

Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласы мен 12 облыста дабылды ескерту жарияланған болатын.  

Солтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаменті 18 тамызда күндіз облыстың басым бөлігінде жаңбыр жауатынын хабарлады. Кей жерлерде тұман түсіп, найзағай ойнайды, күндіз дауыл тұрып, бұршақ жаууы мүмкін. Оңтүстік-батыстан күндіз 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады, екпіні 23 м/с жетеді.