НҰР-СҰЛТАН, 16 тамыз – Sputnik. Қазақстанда тура бір ай бұрын коронавирусты емдеудің клиникалық хаттамасына өзгеріс енгізілген болатын. Оған сәйкес, амбулаториялық деңгейде, яғни, үйде ем-дом алатын науқастарға бес препаратты тегін тарату қарастырылған. Алайда ол дәрі-дәрмек емханаларға әлі түспеген. Sputnik Қазақстан тілшісі тегін дәрілердің қалай таратылатынын және не себепті кешігіп жатқанын білді.
Маусымның соңында денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова коронавирус инфекциясын емдеуге арналған клиникалық хаттаманың 10-шы редакциясына өзгеріс енгізілгенін мәлімдеді. Оған сәйкес, амбулаториялық деңгейде COVID-ті емдеуге "Гидроксихлорохин" мен "Лопинавир"/"Ритонавир" препараттарын қолдануға рұқсат берілді. Алайда екі аптадан кейін, яғни 15 шілде күні бірлескен комиссия емдеу хаттамасына тағы түзету енгізіп, жаңағы үш препаратты алып тастады. Себебі шетелде бұл дәрілерді коронавирусқа қарсы қолданған тиімсіз деген қорытындыға келген.
Оқи отырыңыз: Коронавирус пен тұмау: денсаулық министрлігі күзде не болатынын болжады
Дегенмен, бірлескен комиссияға кіретін кәсіби клиницистер мен дәрігерлер хаттамаға амбулаториялық деңгейде, яғни үйде коронавирустан емделу үшін дене қызуын басатын дәрілер мен инъекциялық емес антикоагулянттарды қосты. Министрлік осы препараттардың тізімін де жариялаған болатын. Олар - "Парацетамол", "Ибупрофен", "Ривароксабан", "Апиксабан" мен "Дабигатран". Бұның бәрі үйде емделетін науқастарға тегін берілуі керек. Ал барлық шығын медицининалық сақтандыру қорының есебінен өтеледі.
Шенеуніктердің уәдесі
Бүгінде коронавирус инфекциясы көп жағдайда жеңіл және орташа ауыр деңгейде өтеді. Бұл дегеніміз, осы ауруға шалдыққан науқастардың басым бөлігі үйде емделеді деген сөз. Оны ресми статистика да растап отыр. Денсаулық министрлігінің бүгін ғана жариялаған мәліметіне сәйкес, қазіргі кезде ауруханаларда 3 289 науқас ем-дом қабылдауда.
Ал амбулаториялық деңгейде 16 452 адам емделіп жүр. Сонда коронавирустан үйде емделіп жатқандардың саны бес есе артық болып тұр. Демек, клиникалық хаттамаға енгізілген тегін препараттарды алатын науқастар көп. Бірақ ол дәрілер емханаларға әлі келмепті.
Бәлкім, шенеуніктер клиникалық хаттама тағы өзгереді деп ойлаған шығар. Себебі "коронавирус инфекциясы әлі толық зерттелмеген және оған қарсы нақты емдеу әдісі" жоқ. Содан тегін дәрілерді әне береміз, міне береміз деп, тағы екі аптадай жүрді. 29 шілде күні денсаулық вице-министрі Людмила Бюрабекова тегін берілетін бес препараттың он күннің ішінде жеткізілетінін жариялады.
"Науқастар амбулаторлық деңгейде бұл дәрілерді тегін алуы үшін бірқатар құжатқа өзгеріс енгізілді. Хаттамаға жаңа қосылған препараттарға бүкіл өңір өтінім берді. Қазір бірыңғай дистрибьютор сатып алу процедурасын жүргізіп жатыр. Он күннен кейін дәрі-дәрмектер коронавирустан амбулаторлық деңгейде емделіп жатқан пациенттерге қолжетімді болады", - деп жазды Бюрабекова өз парақшасында.
Алайда он күннен кейін, яғни 7 тамызда ол дәрілер емханаларға түспеді. Сөйтіп, тағы бір жеті өтті. Осы аптаның басында денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахмет жұмаға қарай 1 миллион пациентке жететін бес тегін препараттың барлық емханаға жеткізілетінін айтты.
"Егер вирус жұқтырғаныңыз анықталса, бұрынғыдай дәріхана жағалап жүрмей-ақ қойыңыз. Барлық емханада қажетті дәрі-дәрмек бар және тегін беріледі", - деді Қожахмет орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Sputnik Қазақстан тілшісі жұма күні астанадағы бірнеше емханаға хабарласып, клиникалық хаттамаға енгізілген бес тегін препараттың жайын сұрады. Барлығы ол дәрілердің түспегенін айтты. Сөйтіп, 15 шілдеден бері коронавирустың шарықтау шегі де өтті. Бүгінде карантинді жеңілдетейін деп жатырмыз. Ал тегін дәрі әлі жоқ...
Бірыңғай дистрибьютор не дейді?
Қазақстанда емханаларға дәрі-дәрмекті жеткізетін бірыңғай дистрибьютор бар. Ол – "СК-Фармация" ЖШС. Компанияның баспасөз қызметі ұсынған ақпарат бойынша "Ибупрофен" мен "Дабигатран" деген препараттар жеткізілді. "Парацетамолды" сатып алу шаралары жалғасуда. Ал "Ривароксабан" және "Апиксабан" астанаға келесі аптада келеді.
"Алайда "Ибупрофен" және "Дабигатран" емханаларда болуы тиіс. Себебі дәл осы препараттарды басқа аурлар үшін де пайдаланады. Сондықтан емхананың қорында болса, оны коронавирустан емделіп жүргендерге де беруге болады. Мәселе мынада, коронавирус бойынша сатып алулар бөлек жасалады. Содан емханалар арнайы партияларды күтіп отырады. Оған қарамау қажет. Резервте болса, тарата беру керек", - деді компанияның баспасөз хатшысы Іңкәр Мирьякупова Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Ал емхана мамандары коронавирусқа қарсы тегін препараттардың қалай таратылатынын түсіндіріп берді.
"Қазір осы дәрілерді бәрі сұрайды. Бірақ емханаға әлі түспеген. Тегін препараттарды алу үшін алдымен өз емханаңызға хабарласып, дәрігердің қабылдауына жазылуыңыз қажет. Коронавирустың белгілері болса, емханаға келуге болмайды. Мобильді топ үйіңізге өзі барады. Сол жерде COVID нақтыланса, рецепт жазылады. Мобильді топ дәрілерді де үйге жеткізіп береді. Себебі үйде жатқан науқасқа сыртқа шығуға болмайды", - дейді дәрігерлер.
Денсаулық министрлігі болса, пациентке осы дәрілер тегін берілмесе, бірыңғай дистрибьютордың 1439 байланыс орталығына қоңырау шалып, шағымдануға болатынын хабарлады.
"СК-Фармация" басшысы не үшін ұсталды?
Осы аптада "СК-Фармация" ЖШС бұрынғы басшысы Берік Шәріптің ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметіне сәйкес, Шәріп төтенше жағдай режимі кезінде қылмыс жасағаны үшін айыпталып отыр.
Атап айтқанда, медициналық бұйымдарды сатып алу кезінде өз өкілеттігін теріс пайдаланған. Тергеушілердің айтуынша, осы қылмыс ауыр салдарға себеп болды. Сотқа дейінгі тергеу аясында оны уақытша ұстау изоляторына қамап қойды.
Айта кеткен жөн, Берік Шәріп қызметтен клиникалық хаттаманы өзгерткенге дейін кеткен. 10 шілде күні өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев "СК-Фармацияның" жұмысын сынға алып, басшысын қызметтен босатуды тапсырған. Сол күні Берік Шәріп өз еркімен кетуге арыз жазды.
Екі күннен кейін оның орнына Ерхат Ысқалиев тағайындалды. Ал коронавирустан емделуге арналған бес тегін препарат клиникалық хаттамаға 15 шілде күні енгізілген болатын. Демек, осы мәселеге жаңа басшылық жауапты.