Экономика

Күзде теңге тағы құнсыздана ма – сарапшылар пікір білдірді  

Brent мұнайының қазіргі бағасы теңгенің қатты құнсызданбауына негіз болып отыр. Дегенмен бәрібір ұзақ мерзімде ұлттық валютаға қысым түседі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 тамыз – Sputnik. Алдағы күз айларында коронавирустың екінші толқыны басталады деп болжанып отыр. Өйткені жыл сайын сол уақытта инфекциялық аурулар өршіп кетеді. Үкімет дайындық шараларына кірісіп кетті. Ал халық арасында күзде теңге тағы құнсыздануы мүмкін деген әңгімелер де тарап жатыр. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген сарапшылар ұлттық валюта бағамына қатысты пікір білдірді.

Еңбек өнімділігін арттыру керек

Қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетовтың пікірінше, Қазақстан коронавирустың екінші толқынын жеңіл еңсереді. Себебі төтенше жағдай кезінде мемлекеттік органдар да, жеке құрылымдар да біраз тәжірибе жинады. Банктер мен компаниялар қашықтан жұмыс істеуге үйренді. 

"Иә, жыл сайын күзде инфекциялық аурулар өршіп кетеді. Сондықтан тағы шектеу шаралары енгізіледі деп ойлаймын. Бірақ коронавирустың екінші толқыны біріншісіне қарағанда жеңілдеу өтеді. Сол кезде цифрлық экономиканы дамытуға жақсы мүмкіндік болады", - дейді Рысмамбетов.

Сарапшының айтуынша, теңге бағамына пандемия да, карантин де қатты әсер етпейді. Негізгі фактор – мұнай бағасы және осы шикізатқа тәуелді отандық экономика.

"Теңге бағамына карантин немесе пандемия емес, мұнайға тәуелді экономикамен өткізген бейқам жылдар әсер етіп отыр. Теңге карантинге қарамастан, әлсірей береді. Шикізаттық мемлекеттің тағдыры сол, ылғи девальвацияға ұшырап отырады. Бүгінде осы проблеманы валюталық одақтар арқылы шешуге болады деген ұсыныстар бар. Алайда олай ғана емес, экономиканың сапасын және еңбек өнімділігін көтеріп те шешуге болады", - деп атап өтті Рысмамбетов.

Теңге қатты құнсыздана ма?

Экономист Бауыржан Ысқақов та теңгенің бағамы көбінесе мұнайға байланысты екенін айтып отыр. Сондықтан осы шикізаттың қазіргі бағасы күзде түспесе, теңге бағамы анау айтқандай өзгермейді деп санайды.   

"Қазір Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 44-45 доллардың шамасында тұр ғой. Бұл теңгенің қазіргі бағамын ұстап тұруға жеткілікті. Меніңше, күзде ұлттық валютамыздың бағамы әрі кетсе, 440 теңгеге барады. Бірақ бір кездері "500-ге дейін жетуі мүмкін" деп айтылды ғой. Оған себептер де болған. Бірақ қазір жағдай өзгерді", - дейді Ысқақов.

Сарапшының айтуынша, коронавирусқа қарсы шаралар, вакцинаның шығуы, карантинді жеңілдету және тағы басқа жағымды өзгерістер оң әсерін беріп жатыр.

Оқи отырыңыз: Досаев теңгенің не себепті әлсірегенін түсіндірді

"Сондықтан күзде теңге қатты құлдырап кетеді, девальвация болады деп айта алмаймын. Оған қоса үкімет дағдарысқа қарсы шараларды қолға алды. Ұлттық қордан біраз ақша бөлінді. Жалпы, осы саладағы шаралардың нәтижесі көріне бастайды. Бірақ коронавирустың екінші толқыны болса, қосымша қолдау шараларын қолға алу қажет. Экономиканы дамытпасақ та, осы қарқында ұстап қалу үшін тағы ақша құю керек болады", - деді Ысқақов.

Санкция теңгеге кері әсер етуі мүмкін

Ал GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық ұлттық валютамызға оң әсер етіп жатқан қазіргі сыртқы факторды атады. Ол – доллардың құнсыздануы.

"Негізі қазірдің өзінде теңгеміз біраз құнсызданып кететін еді. Бүгінде АҚШ-тың федералды резерв жүйесі долларды көптеп басып, экономикасына салып жатыр. Ал ақша массасының өсуі доллардың әлсіреуіне себеп болды. Қазір доллар еуроға қарағанда, Швейцарияның франкіне қарағанда біраз құнсызданды. Демек, әлемдік валюталарға шаққанда доллардың өзі әлсіреп, теңгеміздің қатты құнсызданбауына септігін тигізіп тұр", - деп түсіндірді Халық. 

Экономистің айтуынша, санкциялық соғыстар теңгеге кері әсер етуі мүмкін. Мәселен, АҚШ-тың Ресейге қатысты санкциялары күшейтілетін болса, рубль біраз құнсызданады. Ұлттық валютамыз да әлсірейді. Ал мұнайдың қазіргі бағасы теңге бағамын ұстап тұр. Алайда уақыт өте келе, ұлттық валютамызға қысым түседі. 

"Brent маркалы мұнай бағасының 40 доллардан жоғары тұрғаны теңгеміздің қатты құнсызданбауына негіз болып отыр. Бірақ бәрібір ұзақ мерзімде ұлттық валютамызға қысым түседі. Өйткені экспортымыздың көп бөлігі осы шикізаттан тұрады. Ал экспорттан түсетін ақша азайса, теңгенің жағдайы қиындайды. Сондықтан ұзақ мерзімде ұлттық валютамыз қатты құнсызданбаса да, ақырын-ақырын құнын жоғалтуы мүмкін", - дейді Халық.