Қоғам

Білім министрлігі жаңа оқу жылындағы жаңашылдық туралы айтты

Бірінші қыркүйектен бастап оқушыларға сабақтағы жұмысы үшін ұпай қойылады, ол тоқсандық бағаға әсер етеді
Sputnik

АЛМАТЫ, 13 тамыз – Sputnik. 1 қыркүйектен бастап мектептегі тоқсандық баға қалай есептелінетіні айтылды. Білім және ғылым министрлігі 2020-2021 оқу жылында оқушылардың оқу жетістігін бағалауға өзгерістер енгізді. Бұл жайында "Өрлеу" біліктілікті арттыру ұлттық орталығының бөлім басшысы Айман Құсайынова ата-аналарға арналған вебинарда хабарлады.

"Қалыптастырушы бағалау енді күн сайын ұпаймен есептеледі. Бір рет бөлім бойынша жиынтық бағалау өтеді. Бөлім бойынша жиынтық бағалау мұғалімге байланысты болады. Тоқсандық бағалау енді 50% тоқсандық жиынтық бағалау, 25% бөлім бойынша жиынтық бағалау және қалған 25% дәстүрлі бағалау арқылы қойылады", - деп түсіндірді Құсайынова.

Айта кетейік, 1 қыркүйектен бастап республика мектептерінде сабақ қашықтан оқу форматында басталады. Сондай-ақ, бастауыш сыныптар үшін кезекші сыныптар ұйымдастырылады. Бұл сыныптарға оқушылар ата-анасының өтініші бойынша қабылданады.

Оқу бірнеше ауысыммен өтеді. Бір сынып тек бір кабинетте оқиды. Үзіліс әр сыныпқа түрлі уақытта соғылады. Кейбір пәндер қашықтан оқытылады. 

Ата-аналар балаларын мектепке алып келеді, алайда оқу орнына кіруге рұқсат жоқ.