Қоғам

Коронавирус пен тұмау: денсаулық министрлігі күзде не болатынын болжады

Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, бүгінде ең пессимистік болжамдар негізге алынады. Соның арқасында денсаулық жүйесін барынша дайындап қоюға мүмкіндік бар
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 тамыз – Sputnik. Қазақстанда жыл сайын вирустық инфекциялар мен тұмауға 1 миллионға жуық адам шалдығады. Күзде оған коронавирус та қосылуы мүмкін. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахмет мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Биыл күзде коронавирус күшейеді деген болжам бар. Сол кезде жедел респираторлы вирустық инфекциялар мен тұмау маусымы басталады. Соның аясында коронавирустың жаңа толқыны болады деген болжам бар", - деді Қожахмет орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, соңғы 5-7 жылдың ішінде Қазақстанда қазан мен наурыз аралығында ЖРВИ мен тұмауға шалдыққандардың жалпы саны 600 мыңнан бастап 1 миллион адамға дейін барған.

"Демек, осы жолы да ЖРВИ мен тұмауға шалдығатындар аз болмайды. Оған коронавирустық инфекция да қосылуы мүмкін", - деп атап көрсетті Қожахмет.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде ең пессимистік болжамдар негізге алынады. Соның арқасында денсаулық жүйесін барынша дайындап қоюға мүмкіндік бар.

Дәрі-дәрмек қорына қатысты мәселе қалай шешілуде

Министрліктің ресми өкілі дәрі-дәрмектің қорына да тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, "СК-Фармация" ЖШС жалпы құны 8,7 миллиард теңге болатын 91 түрлі дәрі-дәрмекті аймақтарға жіберді. Бұл препараттар орташа есеппен 40 мың науқасқа жетеді. Бес күннен кейін, яғни 15 тамыздан бастап тағы екі айға жететін қор әзірленеді.

Оқи отырыңыз: Денсаулық вице-министрі коронавирустың екінші толқыны туралы айтты

Ал  амбулаторлық деңгейде, яғни, үйде ем алатын науқастарға арналған тегін дәрінің бес түрін сатып алу жұмыстары аяқталуға жақын. Ол препараттар 1 миллион пациентке жетеді. Тегін дәрілердің ішінде "Парацетамол", "Ибупрофен", "Ривароксабан", "Апиксабан" мен "Дабигатран" деген препараттар бар. Бұның барлығы емхана арқылы таратылады.