Қоғам

Коронавирус пен пневмония: мыңдаған адамның өлімі статистикаға неге енгізілмеді

Денсаулық сақтау министрлігі 1 тамыздан бастап коронавирус пен пневмония статистикасы біріктірілетінін хабарлады. Содан бері бір апта өтті. Пневмонияның статистикасы жарияланса да, оны коронавируспен бірге қосқан жоқ
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 тамыз –Sputnik. Бұған дейін тіркелген коронавирусқа ұқсас пневмониядан көз жұмғандар статистикаға енбей қалды. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кешеден бері Қазақстандағы коронавирус пен коронавирустық пневмонияның есебін біріктіріп шығарды. Sputnik Қазақстан тілшісі статистиканы зерделеп шықты.

Бас кезінде коронавирус статистикасына ПТР-тестпен расталған науқастар ғана енгізілген болатын. Алайда маусым-шілде айында ауыр пневмониямен түсетін пациенттердің саны күрт өсті. Иә, өкпенің қабынуы – коронавирустың негізгі белгісі. Дегенмен, мыңдаған науқастың сынамасы теріс нәтиже көрсетті. Сол пневмонияны қоздырушы вирус та анықталмады. Осы кезде дәрігерлер аурудың себебін таба алмай дал болды. Коронавирустан емдейін десе, тест сынамасы теріс нәтиже көрсетіп тұр. Ал клиникалық хаттаманы бұзуға болмайды. Тәртіп бойынша нақты диагноз болуы шарт. Сонда ғана тиісті дәрі-дәрмек беріледі.

Бірақ науқастарды емдеу керек. Содан денсаулық министрлігі ережені өзгертіп, "коронавирустың ықтимал жағдайы" деген түсінік енгізді. Бұл дегеніміз, ауруханаға пневмониямен түскен науқастың тест сынамасы теріс нәтиже көрсетсе де, оған ықтимал жағдай диагнозы қойылады да, коронавирусқа қарсы терапиямен емдейді. Дәл осы белгісіз пневмонияны "коронавирустық пневмония" деп атап кеткен. 

Шілденің ортасында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 1 тамыздан бастап коронавирус пен оған ұқсас пневмонияның статистикасын біріктіреміз деді. Алайда артынан теледидарға берген сұхбатында тамызға дейінгі коронавирустық пневмониялар есепке кірмейтінін жеткізді. Оның сөзіне қарағанда,  "жаңа пневмония" үшін арнайы халықаралық код жасалды. Осы аурудың клиникалық белгілері де көрсетіліп, барлық аурухана мен стационарға таратылды.

Енді, дәрігерлер коронавирустық пневмонияны басқа пневмониямен (вирустық, зеңді, бактериялық – Sputnik) шатастырмай, ақпараттық базаға тиісті халықаралық кодпен енгізіп отырады. Осылайша, COVID-19-ға ұқсас пневмонияның статистикасы жасалады. Бірақ оған 1 тамызға дейін тіркелген науқастар мен марқұмдар кірмейді. Цой мырзаның айтуынша, бұл жұмысқа көп уақыт кетеді.        

"Дәрігерлер пневмонияны анықтап, код беруі керек. Кейін ақпараттық базаларға енгізеді. Бірақ бұған дейінгі жағдайларды зерделеп, әрбіреуіне код беретін болса, көп уақыт кетеді. Ондайда не мәліметтерді талдаумен, не науқастарды емдеумен айналысу керек. Бізге қазіргі мәліметтер де жеткілікті. Динамикасын байқаймыз. Болжам да жасауға болады", - деді министр астанада өткен онлайн брифингте. 

Шыны керек, 1 тамызға дейін болған пневмониялардың бәрін ажыратып отыруға көп уақыт кететін сияқты. Өйткені маусым-шілде айында осы аурудың өршіп кеткені сонша, әлеуметтік желіде "Иманды болсын!" деген пікірлер тыйылмады. Ал статистикаға сәйкес, жыл басынан тамызға дейін 256 541 адам түрлі пневмонияға шалдыққан. Өткен жылы барлығы 76 985 науқас болды. Сонда осы көрсеткіш 3,3 есеге өсіп отыр. Ал қайтыс болғандардың саны екі есеге артты. Былтыр 2 033 адам қайтыс болса, биыл тамыз айына дейін 4 042 науқас көз жұмды.

Иә, осы статистиканың ішінде пневмонияның басқа түрлері де бар. Ал "дәрігерлерде оның бәрін ақтарып отыруға уақыт жоқ". Сол себепті коронавирустық пневмонияның нақты саны әзірше белгісіз. Дегенмен, 10 шілде күні өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында президент беймәлім пневмония туралы сұрағанда денсаулық сақтау министрі нақты есебін көрсетті.

"1-8 шілде аралығында пневмонияға шалдыққан 56 809 науқас тіркелді. Соның ішінде вирустық пневмония -  7 348, бактериялық пневмония – 9 759, сондай-ақ, коронавирусқа ұқсас 39 702 пневмония бар", - деді Алексей Цой.

Демек, өткен айда тек бір аптаның ішінде ғана этиологиясы белгісіз, бірақ коронавирусқа ұқсас 40 мыңға жуық пневмония тіркелген болатын. Сонда министрлік COVID-19 белгілері бар пневмониялардың нақты санын білді. Қазір оның бәрін жаңа халықаралық кодпен енгізуге уақыт жоқ екен. Сосын коронавирустық пневмониялардың бәрін ортақ статистикаға енгізетін болса, оның саны коронавирус көрсеткішінің өзін екі есеге есе орап кететін сияқты. 

Сонымен, осы айдан бастап денсаулық сақтау министрлігі жаңартылған статистиканы жариялай бастады. Бірақ коронавирус пен коронавирустық пневмонияны біріктірмеген, екеуі бөлек көрсетіледі. Мәселен, 2 тамызда алғаш рет жаңартылған статистика шықты. Сол кезде бір тәуліктің ішінде коронавируспен 1 226 адам анықталса, коронавирусқа ұқсас пневмониямен  5 181 науқас (!) тіркелді. Ал 3 тамызда ондай пневмониялардың саны бірден 798-ге дейін төмендеді. Бәлкім, бірінші күні дәрігерлер шатасып, ақпараттық базаға мәліметті дұрыс енгізбеген шығар. Басқа бір себеп болды ма, ол жағы белгісіз. 

4 тамызда коронавирустық пневмониямен анықталғандар саны 276-ға дейін азайды. Ал ертесінде бірден 1 799 адамға дейін көтеріліп кетті. Соған қарағанда, жаңа пневмонияға қатысты дәрігерлер халықаралық кодпен дұрыс мәлімет енгізбеуі мүмкін. Соңғы күндері коронавирустық пневмонияның көрсеткіші біртіндеп түсіп келеді. Коронавирус та солай. Дегенмен, пнемонияның саны ковидтен басым болып тұр. 

Бүгінгі мәліметке сәйкес, Қазақстанда бір тәуліктің ішінде коронавирустық пневмониямен 1 011 науқас тіркелген. Осы санаттағы адамдар "КВИ-", яғни тест сынамасы теріс, бірақ коронавирустың белгілері бар науқастар ретінде белгіленген. Ал сынамасы оң және "КВИ+" деп көрсетілетін науқастардың бір күндік көрсеткші 872 адамды құрайды. Дегенмен, дәл осы топта қайтыс болғандардың саны басым. Соңғы тәулікте 28 адам коронавирустан қайтыс болса, 15 науқас коронавирустық инфекциядан көз жұмды. 

Жалпы, осы уақытқа дейін республика бойынша 98 701 адамда коронавирус анықталған. Осы диагнозбен 1 246 науқас қайтыс болды. Ал 1 тамыздан бері тіркелген коронавирустық пневмониялардың саны 13 121 пациентке жетті. 8 күннің ішінде 152 науқас көз жұмды. Осыдан-ақ коронавирусқа ұқсас пневмонияның қаншалықты қауіпті екенін көруге болады. Қазір оның қарқыны бәсеңдеп келеді деген күннің өзінде коронавирустан әлдеқайда басым екенін байқау қиын емес.

Мәселен, Қазақстанда коронавирус алғаш рет 13 наурызда тіркелген болатын. 8 күннен кейін небәрі 53 науқас тіркелген. Сол кезде әлі адам өлімі де болған жоқ. Ал коронавирустық пневмония осы айдың басында тіркеуге алынса, бір аптаның ішінде ғана 150 адамның өмірін қиды. Соған қарап, 1 тамызға дейінгі өлім-жітімнің орташа санын есептеп шығаруға да болады. Бірақ бір нәрсені ескеру керек. Маусым-шілде айында коронавирустық инфекцияның шарықтау шегі болған. Демек, адам өлімі екі есе, тіпті үш есе артық болған тәрізді. 

Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өз сайтында Қазақстандағы коронавирус пен коронавирустық пневмонияның статистикасын біріктіріп тастады. Осылайша, біз Еуропаның біраз мемлекетін артта қалдырып, антирейтингте жоғары өрмелеп келеміз. Әрине, халықаралық қауымдастық та соған қарап, Қазақстанның коронавируспен күрес саласындағы жұмысын бағалайды. Жоғары көтерілген сайын беделіміз төмендей түседі. Осы статистикаға 1 тамызға дейінгі коронавирустық пневмониялар да кірсе, Италияға жетіп қалуымыз әбден мүмкін. 

Бүгінде тест сынамасын өз еркімен тапсырып жатқан қазақстандықтар аз емес. Солардың тең жартысында антиденелер анықталып жатады. Бұл дегеніміз, коронавируспен ауырып шыққандар да көп. Олардың бәрі статистикаға енбеген.