Өңірлер

Ата-анасынан айырылған ақтөбелік кімдер жауап беруі керек екенін айтты

Тұрғын санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарын жауапқа тартқысы келетінін айтып отыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болған жағдай үшін кешірім сұрады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 тамыз – Sputnik. Ақтөбе тұрғыны Юлия Сорока жергілікті "Эврика" газетіне коронавирустан қайтыс болған ата-анасын қалай жерлегенін айтып берді.

"Анамды қаппен жерледік"

Әйел 2020 жылдың маусым айында ата-анасынан айырылды. Ол бастапқыда коронавирус белгілері бар ата-анасын ауруханаға жатқызбағанын айтты. Ал жағдайлары ушыққан кезде стационарға жеткізген. Екеуі де сол жерде көз жұмды. 

Бұдан соң тұрғын мәйітханаға марқұмдардың денесін алып кетуге барған. Сол кезде анасының денесіне "хлорка" себілгенін көрді.

Айтуынша, әкесінің денесі тоңазытқышта емес, еденде жатқан. 

"Әкеме біз әкелген киімді кигізуге келісті. Ал анамды қапқа салып, үстіне хлорка сепкен. Неге олай болды? Коронавирус тесті оң болғандықтан, осылай істеп отыр. Әкемде ковид расталмаған еді. Сондықтан әкемді киіндіріп, дәстүрге сай жерледік. Ал анамды қаппен жерледік", - деді Юлия Сорока "Эврика" басылымына. 

Ол санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарын жауапқа тартқысы келетінін айтып отыр. 

"Анамның жағдайы ушыққаны үшін, дер кезінде жанында медицина қызметкері болмағаны үшін, жерлеуге қатысты нақты талапты ешкім айта алмағаны үшін жауап берулері керек", – деді тұрғын.

Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Данияров кейбір қызметкерлердің кәсіби біліктілігі төмен болғаны үшін кешірім сұрады. 

Жағдай тексеріліп, қызметкерлердің әрекетіне баға берілетінін айтты.