НҰР-СҰЛТАН, 8 тамыз – Sputnik. Қазақстан президенті – Қарулы күштер бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай, Қарулы күштердің жеке құрамынан құралған әскери дәрігерлер тобы Ливан астанасына аттанды, деп хабарлайды қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
29 медицина маманы мен 4 аудармашы бар топ Нұр-Сұлтан – Ақтау – Бейрут бағыты бойынша ұшты.
"Бүгін таңертең Бейрут портындағы жарылыс салдарынан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін әуе қорғаныс күштерінің әскери-көліктік авиация ұшағы Ливан астанасына аттанды. Әскери медицина қызметкерлерінің мақсаты зардап шеккендерге білікті медициналық көмек көрсету болып табылады", – делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, топ құрамында жоғары білікті хирургтер, травматологтар, нейрохирургтер, анестезиолог-реаниматологтар, сондай-ақ хирургиялық салаға бейімделген орта медициналық персоналдар бар. Олардың көпшілігі ағылшын тілін жетік меңгерген.
Елдегі Covid-19 эпидемиясына байланысты топ құрамына инфекционист және терапевт дәрігерлер қосылмады.
Оқи отырыңыз: Тоқаев қазақстандықтардың қауіпсіздігі үшін Ливан президентіне қоңырау шалды
Айта кетейік, 4 тамыз күні Ливан астанасында әскери-теңіз күштерінің базасына жақын орналасқан Бейрут портының маңында қуатты жарылыс болып, 150-ден астам адам қаза болды. Бес мыңға жуық адам жарақат алды. Алайда, ауруханаларда орын жетіспеуінен зардап шеккендер стационар жағдайында ем қабылдай алмауда.