Қоғам

"Олар кінәлі емес": Елді шулатқан дәрігерлерді министрлік қорғаштап жатыр

Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан ақша ұрлауға мүмкіндік бермеу керек еді, дәрігерлерді заңбұзушылыққа итермелеген жүйе кінәлі деп мәлімдеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 7 тамыз – Sputnik. Науқастардың сыртынан "Дамумед" арқылы ақша жасаған дәрігерлердің еш кінәсі жоқ. Заң бұзушылыққа оларды біреу итермелеген. Денсаулық сақтау министрлігі даулы мәселеден кейін ақ халаттыларды осылай қорғаштап жатыр.

Министрлік заң бұзушыларға қатысты тексеруді бастаған. Кінәлілердің арқалайтын айыппұл көлемі де қомақты.

Емханалар төңірегіндегі дау Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесіне де жетті, деп хабарлады КТК.

Қазақстанда учаскелік дәрігерлердің науқасты қабылдауы кепілдендірілген тегін медициналық қызмет көрсету аясына кіреді. Әр науқасқа 1035 теңге белгіленген. Ал терапевт, педиатр, гинеколог сияқты арнайы мамандар тегін де, ақылы да қызмет көрсетеді. 1520 теңгеден басталатын ем-домның ақысын сақтандыру жүйесі төлейді.

"Не масқара?": Ақшаға құныққан дәрігерлердің қулық-сұмдығы әшкере болды

Сау адам шатасатын схемамен денсаулық сақтау жүйесіндегі проблемаларды зерттеумен айналысатын қауымдастық басшысы Төлебай Рахыпбеков келіспейді. Оның айтуынша, мәселенің ушығуына қордың қатысы бар.

"Бұл жағдайда тек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры кінәлі. Ұйым медициналық қызметке берілетін ақшаны бөліп-жармау керек еді. Олар мамандарға ақшаны дұрыс төлеп отырған жоқ. Олар арнайы мамандарға науқастардың келуіне байланысты төлейді. Тексеру жүргізудің қажеті жоқ. Бәрі көрініп тұр ғой. Мынау пандемия кезінде емханалар жабық. Оларға бір күнде 25 науқасты қабылдаңдар деген тапсырма бар. Амалсыздан осы әрекетке барады. Менің ойымша, арнайы мамандарды учаскелік дәрігерлермен теңдестіру керек", - дейді профессор Төлебай Рахыпбеков.

Науқастың сыртынан тон пішкен дәрігерлердің жымысқы әрекетін әшкерелеп, әлеуметтік желі шарқ ұрып жатыр. Дегенмен денсаулық сақтау жүйесіндегі мамандар ақ халаттылардың еш кінәсі жоқ деген пікірде. Жұмысы көп, қағазбастылық та кедергі. Бұған жүйе кінәлі.

"Дәрігерлерді айыптау дұрыс емес деп санаймыз. Өйткені қателіктер болуы мүмкін. Ақпараттық жүйені толтырған кезде дәрігердің өз  жүктемелері бар, ол науқастарды қарағаннан кейін жүйеге салу керек. Асыққан кезде қателік кетуі мүмкін", - дейді Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Бақытжан Тәжібай.

Медициналық сақтандыру қоры соңғы жарты жылда 12 мыңдай жалған қабылдау бойынша заңбұзушылықты анықтаған. Қазынаның 75 миллион теңгесі талан-таражға түсті.

Салаға жауапты министрліктегі тергеу кінәліні бәрібір анықтамақ.

"Денсаулық сақтау министрлігінің ұстанымы қандай? "Дәрігерлер кінәлі" деп ешкім айтып жатқан жоқ. Бұл жерде дәрігерлерді заңбұзушылыққа итермелеген жүйе кінәлі болып тұр. Сол жағдайды тоқтатып, қордан ақша ұрлауға ешкімге еш мүмкіндік бермеу керек", - деп атап өтті денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.

Оңай ақшаға кенелгісі келетіндердің ісімен қазір азаматтық-құқықтық негізде тексеріс жүріп жатыр. Іс насырға шапса, емхана мен медициналық сақтандыру қоры сотқа дейін бармақ. Заңға селқос қарағандарға айыппұл салынады.