Фото

Жойқын жарылыстан кейінгі Бейрут қаласының қазіргі көрінісі – фото

Sputnik

Жарылыс салдарынан қаза тапқандарды еске алу үшін Ливанда үш күндік аза тұту жарияланды. Ал Бейруттың өзінде төтенше жағдай жарияланды.

Мамандар сейсенбі күні кешке болған жарылыстың күшін төрт жарым баллдық жер сілкінісімен теңестіруде – ол Ливан астанасынан қашық жерде де сезілген.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ливандық әріптесі Мишель Аунуға қайғылы жағдайға байланысты көңіл айтты.

Айта кетейік, Ливанда бітімгершілік миссиясының қазақстандық әскери қызметшілері де бар.

Бейрут қаласының қайғылы жағдайдан кейінгі және қалпына келтіру жұмыстарының басталып жатқан көрінісі бейнеленген суреттерді назарларыңызға ұсынамыз.

1 / 19
Қауіпсіздік шаралары сақталмай, бірнеше мың тонна аммиак селитрасы жарылғаннан кейінгі Бейрут портының көрінісі.
2 / 19
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қазіргі жағдайды "бомбалаудан кейінгі қала" деп сипаттауға болады.
3 / 19
Күшті жарылыс қала ғимараттарының жартысын қиратты, ал Бейрут апатты аймақ деп жарияланды.
4 / 19
Ливан астанасындағы кемежайдың сау-тамтығы қалмады, құтқарушылар үйінділер астынан тірі адамдар мен зардап шеккендерді іздеуді жалғастыруда.
5 / 19
Қаладағы төрт аурухана да қирап, ол жерлердегі емделушілерді басқа медициналық мекемелерге орналастыруға тура келді. Жалпы алғанда Бейрут ауруханалары жарылыстан зардап шеккендерге көмек көрсетіп үлгере алмай жатыр.
6 / 19
Жарылыс толқынының күштілігі соншалық, порттың жанында орналасқан ғимараттардың әйнектері толығымен қираған.
7 / 19
Үш жүз мыңнан астам адам баспанасыз қалды. Қаланың коммуналдық инфрақұрылымы қатты зақымданды, коронавирустық пандемия кезінде жұқпалы аурулар өршуі мүмкін.
8 / 19
Зардап шеккендердің арасында шетелдік дипломаттар да бар. Бірнеше мемлекеттің дипломатиялық өкілдік ғимараттары қирады. Мәселен, жарылыстан Бейруттағы қазақстандық консул да жарақат алды.
9 / 19
Жарылыс ғимарат терезелері мен шатырларын ұшырып, жол үстіндегі жүздеген көлікті аударып жіберді. Соққы толқынынан пайда болған түтін мен шаң ондаған шақырым қашықтан көрінді.
10 / 19
Бейрут көшесіндегі автокөліктер мен жаяу жүргіншілер жарылыс толқынынан ұшқан әйнек сынығы мен қирандылардан қатты зардап шекті.
11 / 19
Бейрут портындағы жанармай сақтау қоймасынан үйінді ғана қалды. Материалдық шығын мен қоршаған ортаға келтірілген зиян әлі есептелмеді.
12 / 19
Қала тұрғындары мен құтқарушылар және жергілікті билік өкілдері зардап шеккен аудандардағы қирандылар мен үйінділерді жедел аршу жұмыстарын ұйымдастыруда. Өйткені, оның астында адамдар қалып қойған болуы мүмкін.
13 / 19
Бірнеше мемлекеттің басшысы, соның ішінде Қазақстан да Бейрут портындағы қайғылы жағдайға байланысты Ливан халқына көңіл айтты. Сондай-ақ, жарылыс зардаптарын жоюға көмек көрсетуді ұсынды.
14 / 19
Жарылыс зардаптарын жоюға тек құтқарушылар мен өрт сөндірушілер ғана емес, сонымен қатар әскери қызметшілер де қатысады. Әсіресе, әскери техникалар Бейруттың зардап шеккен аудандарындағы өртті сөндіруге қолданылады.
15 / 19
Жарылыс болған сәтте бұл шіркеуде құдайға сыйыну рәсімі жүріп жатты. Діни қызметкер ғибадатханадағы шамдар сөнгеннен кейін де өз қызметін жалғастыра берді. Құлаған бөлшектер астында қалған оның кейінгі тағдыры белгісіз.
16 / 19
Бейруттағы порт аймағы толықтай жойылып, үйіндіге айналды деп айтуға болады. Бұл жағдай қала мен елдің экономикасына қалай әсер ететінін уақыт көрсетеді.
17 / 19
Қираған портты қалпына келтіру жұмыстары іздестіру-құтқару қызметі аяқталғаннан кейін бірден басталады.
18 / 19
Зардап шеккендер жерде ғана емес, тікұшақпен де іздестірілуде.
19 / 19
Жарылыс зардаптарын жоюға көмектесу үшін Ресей төтенше жағдайлар министрлігінің ұшақтарын Бейрутқа жіберді. Сондай-ақ, Катар мен Ирак және Иордания Бейрутта далалық ауруханаларды орналастыруға, одан басқа бірнеше мемлекет құтқарушылар мен дәрігерлер жіберуге дайын екенін жариялады.