Қоғам

"33 іс өліммен аяқталды": ішкі істер министрлігі алаңдаушылық білдірді  

Жарты жыл ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 237 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 41,7 процентке көп
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 тамыз – Sputnik. Ішкі істер министрлігі карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан қайтыс болған адамдардың санын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Тергеу департаментінің ерекше істер жөніндегі аға тергеушісі Арман Мәтжанның айтуынша, төтенше жағдай енгізілген уақыттан бастап, яғни, 16 наурыздан бері республика бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 241 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді.  

"Соның ішінде 33 қылмыстық іс адам өлімімен аяқталды", - деді Мәтжан орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте. 

Полицейлер қылмыстың статистикасын өткен жылдың 16 наурыз бен 31 шілде аралығымен де салыстырып көрді.

"Мәселен, биыл 31 шілдеге дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 237 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 41,7 процентке көп, яғни, былтыр дәл осы аралықда 168 қылмыстық құқықбұзушылық болған", - деп атап көрсетті Мәтжан.