Вашингтон, Лондон және Брюcсельде талқыланатын "қытайлық айдаһарды тұншықтыру" әдістерінің барлығы дерлік антиқытайлық коалиция құруды қарастырып отыр. Дәл осы секілді ұжымдық күшпен оқшаулау әрі жансыздандыру КСРО-мен күрес кезінде де қолданылған болатын, деп жазады РИА Новости.
Мәселе Еуроодақтың көптеген елі, әсіресе, Германия, Франция және Италия мен Азиядағы бірқатар мемлекет ҚХР-ға қарсы бұл қырғи-қабақ соғысқа АҚШ-тың қуыршағы секілді қатысуға аса үлкен құлшыныс білдірмеуінде болып отыр. Сонымен қатар, олар жеңіс үшін АҚШ-қа ақы төлеуді құптамай отыр және толықтай тыйым салу шараларына да бірауыздан келісім беріп отырған жоқ. Мысал ретінде 5G желісі үшін қытайлық Huawei компаниясының Еуроодаққа жабдықтар жеткізуін айтуға болады. Бұл Вашингтон мен Лондондағы "антиқытайлық қырғиларды" қуанта қоймағаны сөзсіз.
Council on Foreign Relations (Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңес) үшін ықпалды "ми орталығы" болып табылатын Foreign Affairs беделді журналы осы мәселе айналасындағы әдістерді екі түрге бөліп отыр. Оның бірін "Дональд Трамп әдісі" деп, екіншісін "Борис Джонсон әдісі" деп атауға болады.
Council on Foreign Relations-тің америкалық элита мен Еуропадағы проамерикалық элитаның ойлауына ауқымды ықпалын ескере отырып, "қытайлық проблеманы" шешуге қандай әдістер ұсынылатынын қарап көруге мүмкіндік бар.
Foreign Affairs мақаласы "Демократиялар кеңесі халықаралық қатынастағы көпжақтылықты құтқауы мүмкін" деген тақырыппен жарық көргенімен, ондағы ұсынылған әдістер Вашингтонның әлемдегі басымдылық рөлін сақтап қалуға бейімделген және айырмашылық тек америкалық үстемдікті сақтауға арналған нақты әдістерде ғана болып тұр.
Алайда, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Америка Құрама Штаттары негізін қалаған көпжақты жүйе коронавирус пандемиясына дейін әлемдегі өзекті мәселелерді тиімді шеше алмай келген. COVID-19 патшаның жалаңаш екенін көрсетсе, шындығында, патша біраз уақыттан бері жұпыны киімде жүрген еді.
Әлемдік экономикалық ауырлық күші Үнді-Тынық мұхиты өңіріне қарай ығысқаннан кейін жаһандық амбициясы бар құрылымдарға аталған өңірдегі маңызды өкілдіктерсіз үстемдік құру қиынға соқты. Алайда, 1973 жылғы мұнай шогынан кейін құрылған G7-де Еуро-Атлантида аумағынан тыс бір ғана мүше бар, ол – Жапония. 1997 жылғы азиялық қаржы дағдарысынан кейін құрылған және 2008 жылғы дағдарыс кезінде өз тиімділігін көрсеткен "үлкен жиырмалық" саяси және халықаралық проблемаларды шешу көзқарасы бойынша сәйкес келмейтіні анықталды. Ал, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ресей мен Қытайда агрессивті өктемшілдіктің пайда болуымен дел-сал күйде болатын.
Бұл "Барлығы құрыды және жұмыс жасамайды! " деген тезиске дәл келетін диагноз іспеттес.
Сәйкесінше, бірі Трамптан, бірі Джонсоннан екі шешім ұсынылып отыр.
Джонсон алғашқылардың бірі болып жаңа құрылым құруды ұсынды. Мамыр айында ол G7 мен Австралия, Үндістан және Оңтүстік Корея елдерінен құралған жетекші он демократиядан тұратын альянс құруды және оны D10 деп атауды ұсынды. Бұл ұйым телекоммуникациялар саласындағы саясатты үйлестіруге және 5G техологиясымен басым тұрған қытай нарығының көшбасшысы Huawei брендіне балама әзірлеуге бейімделмек.
Foreign Affairs сарапшылары Ресейді бұл клубқа енгізбеуді ұсынып, D10 нұсқасына қолдау көрсетіп отыр. Олардың пайымдауынша, Ресейді қалай болғанда да антиқытайлық күреске қатысуға көндіргенмен, Трамп схемасы бәрібір нашар сипатқа ие және ұзақмерзімді уақытта келешексіз болып қалуы мүмкін. Ал, Джонсон иедясынан Қытайға қарсы одақ құруға емес, әлемде барлығы жақсы болуы үшін бірігуге шақырған позитивті үндеуді табуға болады.
Позитивті үндеу – бұл "Демократия", "Бостандық" және "Адам құқығы" секілді лозунгтер. Мұндай позитивті үндеудің пайда болуы Вашингтонның қазіргі сыртқы саясатына қарсы келіп тұр: "Құрама Штаттар Қытай басқарып отырған Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкіне, "Бір белдеу – бір жол" бастамасына және Ресей қолдау көрсетіп отырған "Солтүстік ағыны - 2" бастамасына қарсы болуы мүмкін. Бірақ, сенімді балама ұсына алмаса, басқа елдерді көндіру қиынға соғады. Вашингтан ештеңе қолданбай бірдеңені жеңе алмайды".
Алайда, "АҚШ-та жасалған" деген затбелгісі бар "демократия" мен "бостандық" Германия үшін ресейлік газды немесе Италия үшін қытайлық инвестицияны алмастыра алмасы анық. Бұл мәселені ақшамен шешуге болар еді. Бірақ, Вашингтонға мұндай қарым-қатынас керек емес. Байденге де, Трампқа да колониялар қажет. Бірақ, Еуроодақты бұл жағдайға кері қайтару мүмкін емес. Одақтың D10 немесе G11 форматында болуы аса үлкен рөл ойнап тұрған жоқ.