НҰР-СҰЛТАН, 6 тамыз – Sputnik. Қазақстандағы емханалар ебін тауып жалған қабылдау жүргізіп, көрсетілмеген медициналық көмекті "көрсеттік" деп жазған.
Жұрт оңай ақшаға кенелгісі келгендердің ісін әшкерелеп, әлеуметтік желіге бірінен соң бірі жазба жариялап жатыр, деп хабарлады КТК.
Айгүл Өтепова елордадағы №13 емханада демікпе ауруымен тіркеуде тұр. Әлеуметтік желілердегі қызу талқыдан соң, Айгүл "Дамумед" қосымшасына кіріп, дәрігер қабылдауына жазылған күндерін қарайды. Сөйтсе, оның да сыртынан қабылдау жасалған. Елорда тұрғыны мұны "алаяқтық" деп отыр.
Бас шаһардың тағы бір тұрғыны Айгүл Қанапинаның да "Дамумедке" таңы бар. Оны дәрігерлері түнгі сағат бір жарымға қабылдауға жазып қойыпты.
"17 маусым күні "Дамумед" бағдарламасында түнгі сағат 1 жарымда Нұр-Сұлтан қаласының №2 емханасындағы дәрігерге жазылған екенмін. Не масқара?! Түнде емханада мені ешкім қабылдамайтыны белгілі ғой. Кейін тағы қарап отырсам, екпе егілген, дәрі берілген. Мен ешқайсысын алған жоқпын", - деп ашынды Айгүл Қанапина.
Айта кетейік, "Дамумед" мобильді қосымша арқылы науқастар дәрігер қабылдануына жазылып, ем алып, жедел жәрдемді де шақырта алады.
Емханалардың мұндай әрекетке баруының мәні мынада: "Дамумед" арқылы ем-дом шаралары жүргізілсе, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан ақша бөлінеді. "Бармақ басты, көз қыстыға" барған ақ халаттылар осылай оңай олжаға кенеледі. Адамды емдемей, тек қалтасына қызыққандардың ісін денсаулық сақтау министрлігі біледі екен. Соңғы алты айда анықталған 12 мыңдай жалған қабылдаудың кесірінен бюджеттің 75 миллион теңгесі талан-таражға түскен.
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында аудандық аурухананың бас дәрігері сотталды
"Қазір заңды тұрғыда сараптама жүргізіліп жатыр. Дәрігерлер мен емхана басшыларына қатысты жазаны қатаңдату жағын қарастырамыз. Бұл өрескел заңбұзушылық. Мұндай қателіктер адамдардың өміріне, денсаулығына қатты әсер етуі мүмкін", - дейді денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.
Енді өтірік емдеген емханаларға айыппұл салынады. Айыппұл көлемі медициналық қызмет көрсету құнының 300 процентін құрайды. Оны емхана басшылары төлеуі тиіс. Ал дәрігерлер тәртіптік жазамен құтылады.