Оқиға

Оралда адам өліміне байланысты депутаттың ұлы ұсталды

Депутат ұлының ұсталғанын растап отыр. Алайда оның кінәсіз екеніне сенімді екенін жеткізді
Sputnik

АЛМАТЫ, 6 тамыз — Sputnik. Моторлы қайықтың бұрамасы тиіп, көз жұмған әйелдің өліміне қатысы бар деген күдікпен Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Валерий Крыловтың 17 жастағы ұлы ұсталды. Бұл туралы марқұмның туыстары хабарлады.

Күдікті, сәрсенбі, 5 тамыз күні кешке ұсталды. Қазіргі уақытта уақытша қамау изоляторында, деп хабарлайды "Мой Город" порталы.

"Қайықта онымен бірге белгілі кәсіпкердің қызы да болған. Алайда ол Лондонға виза алу үшін Алматыға кеткен. Бойжеткенге аса ауыр қылмысты жасырды деген айып тағылып отыр. Ол 6 тамызда Оралға келуі тиіс", - дейді қайтыс болған Людмила Ермекқалиеваның әпкесі. 

Оның айтуынша, катерлердің сараптамасы аяқталды. Крыловтың қайығында қан іздері болған.

Депутат ұлының кінәсіз екеніне сенімді

Облыстық мәслихат депутаты Валерий Крылов бұқаралық ақпарат құралдарына ұлының ұсталғанын растады. Алайда оның кінәсіз екеніне сенімді.

"Жағажайда қайық көп болды. Олардың бәрі сараптамаға алынды. Тергеу жүріп жатыр. Олар менің ұлымды кінәлі еткісі келіп отыр. Ешқандай дәлел жоқ. Менің ұлым кінәлі емес", - деді ол. 

Депутаттың айтуынша, ұлын 48 сағатқа қамауға алған. 

"Ертең түсте шығады. Мұның бәрі аяқталады деп ойлаймын. Бірақ қоғам тарапынан қысым болып жатыр", -деді Валерий Крылов.

Ол тергеу кінәлілерді анықтайды деген сенім білдірді. Сондай-ақ, катерде қан іздері табылды деген ақпаратты жоққа шығарды.

Өзендегі трагедия

Еске сала кетсек, трагедия Орал қаласында 6 маусым күні болды.  Шаған өзенінде моторлы қайықтың бұрамасы (винт) әйелдің басын кесіп өткен.

Оқиға куәгерлері катер қатты жылдамдықпен өткенде жағажайдан 15 шақырым қашықтықта әйелді соғып өткенін айтты. Тоқтамай оқиға орнынан жасырынды. Құтқарушылар судан тек әйелдің денесін алып шықты.

Қылмыстық кодекстің 344-бабы 2-бөлігіне ("қозғалыс қауіпсіздігі ережесін бұзу немесе өзен көлігін пайдалану ережесін сақтамау") сәйкес қылмыстық іс қозғалды. 

Бұл бап бойынша жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.