Оқиға

Ақмола облысында әйелі мен туысын құтқармақ болған ер адам ажал құшты

Қайғылы жағдай Шортанды ауданында болған. Төтенше жағдайлар қызметіне ақпарат кеше, 4 тамыз күні түсті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 тамыз - Sputnik. Ақмола облысында көлдің ортасына кетіп қалған әйелі мен жиенін құтқармақ болған ер адам суға батып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі облыстық төтенше жағдайлар департаменті сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, ерлі-зайыптылар жиенін алып, Шортанды ауданындағы Бозайғыр көліне барған. Сол жерде арнайы жабдықталмаған жағажайда суға түскен. Ал кешке қарай құтқарушыларға шұғыл хабар түсті.

"4 тамызда кешқұрым әйел мен баланың Бозайғыр көлінің ортасына кетіп қалғаны туралы хабар түсті. Біз бірден оқиға орнына аттандық", - дейді құтқарушылар.

Сөйтсе, жас отбасы жиенін алып, көлдің жағасына демалуға келген. Ер адам жағада кәуап қуырамын деп қалған. Ал оның жұбайы 8 жасар жиенімен үрленетін матрасқа мінген. Қатты жел оларды көлдің ортасына алып кетті. 

"Сол кезде келіншек көмек іздеп, айқайлай бастады. Оны көрген күйеуі суға секіріп, құтқармақ болды. Бірақ жете алмады, жарты жолда батып кетті", - деді мамандар.

Құтқарушылар жабдықталмаған жағажайда суға түсу қауіпті екенін ескертті. Қауіпсіздік шараларын барынша сақтау қажет. 

"Мысалы, қайғылы оқиға болған көлдің түбінде балдыр көп. Осының өзі өте қауіпті. Суда жүзу қабілеті – қауіпсіз демалыстың кепілі. Дегенмен, жақсы жүзетін адам да сақтық шараларын барынша сақтауы тиіс ", - дейді құтқарушылар.