Өңірлер

Қордайдағы тәртіпсіздік: Сапарбаев тұрғындармен кездесу өткізді

Әкім заңды бұзған және кінәсі дәлелденген адамдардың бәрі жазалануы қажет екенін, бұл мәселені мемлекет басшысы жеке бақылауына алғанын айтып өтті
Sputnik

АЛМАТЫ, 4 тамыз – Sputnik. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданындағы тәртіпсіздіктерге байланысты ұсталғандардың жақындарымен кездесті. Бұл жайында облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу 3 тамызда өтті. Бердібек Сапарбаев ұсталған азаматтардың туыстарының барлық өтінішін тыңдап, олардың ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын және прокуратура, құқық қорғау, жергілікті атқарушы органдармен қаралатынын айтты. Сонымен қатар барлық өзекті мәселе заңнама аясында шешілуі тиіс екенін жеткізді.

"Қайғылы оқиға салдарынан 11 адам қаза болып, екі жүзге жуық адам жарақат алғанын, азаматтарымыздың мүлкі зардап шеккенін ұмытпауымыз керек. Барлық өтініш қаралады, ұсталғандармен кездесулер мен телефон арқылы сөйлесу ұйымдастырылады. Құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын аяқтады, ол материалдармен тараптар танысуы керек", - деді Сапарбаев кездесу барысында.

Сонымен қатар заңды бұзған және кінәсі дәлелденген адамдардың бәрі жазалануы қажет екенін, бұл мәселені мемлекет басшысы жеке бақылауына алғанын айтып өтті.

Тағы оқыңыз: Тоқаев билік қандай кемшілік жібергенін айтты

Ресми ақпаратқа сәйкес, Қаракемер және Масаншы ауылдарындағы әлеуметтік нысандарды абаттандыру мен  салу үшін қосымша 3 миллиард теңге бөлінген. Тұрғын үйлер, спорт және балалар алаңдары, дәрігерлік амбулатория, мектеп, көшелер салынып, газ құбыры, сумен жабдықтау желілері тартылып, жөнделіп жатыр.

Еске сала кетсек, 2020 жылдың 8 ақпанында Қордай ауданының 3 ауылында 2000-ға жуық адамның қатысуымен жаппай тәртіпсіздік салдарынан 11 азамат қаза болды. 140 азамат, 20 полиция қызметкері түрлі жарақат алды.

Бұған дейін арнайы прокурорлар қызметі жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 59 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын, 29 қылмыстық іс тексеріліп жатқанын хабарлады.