Қоғам

Қазақстанда ата-аналар жиналысы өтеді – премьер-министр тапсырма берді

Білім министрінің айтуынша, ата-аналар мен оқушылар үшін әдістемелік қолдау көрсетудің маңызы жоғары
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Премьер-министр Асқар Мамин республикалық ата-аналар жиналысын өткізуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Үкіметтің бүгінгі онлайн отырысында жаңа оқу жылына дайындық мәселелері пысықталды. Осы орайда премьер-министр оқушылар мен мұғалімдердің дайындығына баса назар аудару қажеттігін атап, 25 тамызға дейін барлық дайындық жұмыстарын аяқтауға тапсырма берді. Иинтернет-платформаларда және теледидарда қажетті контент толық көлемде болуы шарт. Ал ата-аналар үшін республикалық жиналыс ұйымдастырылады.

"Оқыту әдістемесін толық пысықтап, 20 тамызға дейін алдағы оқу үрдісі туралы толық ақпарат бере отырып, онлайн режимде республикалық ата-аналар жиналысын ұйымдастыруды тапсырамын", – деді Мамин.

Білім және ғылыми министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, жаңа оқу жылына дейін ата-аналар мен балаларға үйде білім алу мәселелері бойынша арнайы сынып сағаттары да ұйымдастырылады.

"Ата-аналар мен оқушылар үшін әдістемелік қолдау көрсету өте маңызды. Біз бұны төртінші тоқсанның нәтижесінде көрдік. Сондықтан тамыз айында балаларға және ата-аналарға үйде қалай оқу керек, гигиена негіздері, кибермәдениет, интернет арқылы қалай оқу керек және дене жаттығуларының маңызы туралы бірыңғай сынып сағаттары, сондай-ақ, ата-аналар жиналыстарын өткізуді жоспарлап отырмыз", – дейді Аймағамбетов.

Оқи отырыңыз: Ата-аналар кірмейді: мектептерде "кезекші сыныптар" қалай жұмыс істейтіні белгілі болды

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде алдын ала болжам бойынша биыл интернет мен  теледидар арқылы 2,6 миллион оқушы, кезекші сыныптарда 530 мың бала және шалғай ауылдарда штаттық режимде 157 мыңнан астам оқушы білім алады.