Қоғам

Аймағамбетов жаңа оқу жылында білім алудың ерекшеліктерін атады

Министрдің айтуынша, кезекші сыныптарда 530 мың бала және штаттық түрде ауылдарда 157 мыңнан астам оқушы білім алады деп күтілуде
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылына дайындық мәселелері туралы баяндады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Үкіметтің онлайн отырысында министр эпидемиологиялық жағдайға байланысты жаңа оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталатынын еске салды. Осы орайда ол екі ерекшелікті атап өтті.

Біріншіден, шалғайдағы елді мекендерде шағын жинақталған мектепте эпидемиялық ахуал жақсы болған жағдайда оқуды дәстүрлі түрде бастайды. Екіншіден, бастауыш сыныптары үшін ата-аналардың өтініші негізінде қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекші сыныптар ашылады. Бұл жағдайда балалар тек бір кабинетте және бір мұғаліммен ғана оқиды. Үзілістер әртүрлі уақытта болады. Ал сыныптағы балалардың саны 15 адамнан аспайды. Кезекші топтарға өтініштер электронды түрде қабылданады.

"Сонымен, алдын ала болжам бойынша интернет платформалар мен  теледидар пайдалана отырып, қашықтын оқыту форматында 2,6 миллион оқушы, кезекші сыныптарда 530 мың бала және штаттық түрде ауылдарда 157 мыңнан астам оқушы білім алады деп күтілуде", – деді Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, қосымша білім беру ұйымдарында ата-аналардың өтініші бойынша балалар қашықтан немесе жеке тәртіппен білім алады. Сонымен қатар, бес баладан аспайтын шағын үйірмелерге қатысуға мүмкіндік бар.

Оқи отырыңыз: Білім министрі Аймағамбетов сүйінші жаңалығын бөлісті