Қоғам

Тоқаев Рақымбекованың отбасына көңіл айтты

Қоғам белсендісі әр жылдары қоршаған ортаны қорғау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жетілдіру, сондай-ақ, "Жасыл" экономиканы дамыту бағытында көп іс атқарды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 тамыз — Sputnik. Мемлекет басшысы қоғам қайраткері Салтанат Рақымбекованың отбасына көңіл айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев танымал қоғам қайраткері, эколог, экономика ғылымдарының докторы Салтанат Рақымбекованың дүниеден өтуіне байланысты оның жұбайы, "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбековке және отбасы мен жақындарына көңіл айтып, жеделхат жолдады, деп хабарлады Ақорда.

"Салтанат Темірқұлқызы әр жылдары қоршаған ортаны қорғау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жетілдіру, сондай-ақ, "Жасыл" экономиканы дамыту бағытында көп іс атқарды. Қазақстанның кәсіпкер әйелдері одағының тең төрайымы, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті болып, еліміздегі саяси-қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысты. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын", – делінген жеделхатта.

Бүгін, 3 тамызда Салтанат Рақымбекованың қайтыс болғаны хабарланды. Ол пневмонияға шалдығып, үш апта бойы дертпен күрескен, 55 жаста еді.