Қоғам

Еңбек министрлігі төлемдерге қатысты ақпарат берді

Денсаулық министрлігі коронавирус пен пневмония жұқтырған медицина қызметкерлеріне төлем жасауға өтініш берді. Алайда қайтыс болған қызметкерлердің отбасына өтемақы төлеуге қатысты құжаттар Еңбек министрлігіне жолданбаған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 31 шілде – Sputnik. Мемлекеттік міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына коронавирустан көз жұмған медицина қызметкерлерінің отбасына өтемақы төлеу туралы өтініш түскен жоқ. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. 

Қор денсаулық министрлігінен тиісті өтініш түссе, індетпен күресіп жүрген медицина қызметкерлеріне және вирус салдарынан көз жұмғандардың отбасына біржолғы әлеуметтік төлем жасауға дайын екені айтылды.

"31 шілде сағат 10:00-дегі жағдай бойынша денсаулық министрлігінен COVID-19 немесе вирустық пневмония жұқтырған медицина қызметкерлеріне төлем жасау бойынша 123 өтініш түсті. Алматыдан -  46, Алматы облысынан - 38 және Солтүстік Қазақстан облысынан 10 өтініш. Бұл өтініштер бойынша 2 миллион теңге мөлшеріндегі төлем жасалды", - делінген хабарламада.

Өтемақы мөлшері қандай

Барлық өтемақы мемлекеттік сақтандыру қорнынан төленеді. Атап айтқанда, медицина маманы COVID-19 коронавирустық инфекциясын жұқтырған немесе вирустық пневмонияға шалдыққан жағдайда 2 миллион теңге мөлшерінде өтемақы төленеді. Ал осы аурулардан қайтыс болса, оның отбасы мүшелеріне 10 миллион теңге беріледі. 

Өтініш қалай беріледі

Комиссия үш жұмыс күні ішінде отбасы мүшелеріне қайтыс болу туралы куәліктің көшірмесін береді және өтініш беру қажеттігін хабарлайды. Ал коронавирустан немесе вирустық пневмониядан жазылып шыққан медицина маманы өтінішті өзі береді. Оны облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органына тапсырады.

Комиссия қайтыс болу туралы куәлікті алғаннан кейін коронавирустан немесе вирустық пневмониядан қайтыс болған қызметкердің отбасы мүшелерінің тізімін жасайды. Оны денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары немесе Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесіне жібереді.