НҰР-СҰЛТАН, 30 шілде – Sputnik. Қазақстандықтарға тамыз айында 42 500 теңгенің жартысы төленеді. Бұл туралы үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оқи отырыңыз: Тоқаев карантинді екі аптаға ұзартты
Карантин екінші тамыздан тағы екі аптаға ұзартылған болатын. Осыған байланысты журналистер вице-премьерден "Кірісінен айырылған азаматтарға 42 500 теңге төлеу жалғаса ма?" деп сұрады.
"Президенттің тікелей тапсырмасы бар. Екі аптаға ұзартылған карантин кезінде төлем міндетті түрде болады. Бірақ азаматтарға сол соманың жартысы, яғни 42 500 теңге болса, соның 21 250 теңгесі төленеді. Осы сома қазақстандықтар міндетті түрде алады", - деді Тоғжанов онлайн баспасөз мәслихатында.
Президенттің тапсырмасымен карантиннің күшейтілгеніне байланысты кірісінен айырылғандарға шілде айына 42 500 теңге төленіп жатыр.
Өтінішті Egov.kz, 42500.enbek.kz порталдары, telegram-боттар және екінші деңгейлі банктердің мобильдік қосымшалары мен интернет-ресурстары арқылы беруге болады.
Өтініш қабылдау 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады.