АЛМАТЫ, 30 шілде – Sputnik. Карантин шаралары аяқталғаннан кейін бірінші кезеңмен жұмысын бастайтын кәсіпкерлік субъектілердің тізбесі жасалды. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Премьер-министр орынбасарының айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда 15 провизорлық стационар жабылған.
"Аурудың тәуліктік өсімі 4%-тен 1,5%-ке төмендеді. Аурудан жазылғандар саны 66%-ке жетті. Жедел жәрдем шақыру 40%-ке, оның ішінде коронавирусқа байланысты шақырту 52%-ке, пневмония бойынша шақыру 35%-ке азайды. Ауруханаларда жататын орындарды қолдану 90%-тен 40%-ке дейін төмендеді. Осыған байланысты жеті өңірде он бес провизорлық стационар жабылды", - деді Тоғжанов.
Оқи отырыңыз: Алматыда карантин режимін сақтамаған мыңнан астам адамға айыппұл салынды
Сонымен қатар, аурухана мен емханаларда бір айлық дәрі-дәрмек қоры құрылды. Бөлшек сауда нарығын қолдау үшін шетелден 10 миллионға жуық дәрі Қазақстанға жеткізілді.
"Нәтиже жақсы, дегенмен босаңсуға негіз жоқ. Керісінше, осы жетістікті әрі қарай жетілдіру керек. Осыған байланысты президент тапсырмасына орай, премьер-министрдің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия карантин шараларын екі аптаға ұзартуға шешім қабылдады", - деді Тоғжанов.
Ал адағы екі апта кәсіпкерлік субъектілердің күшейтілген дайындық жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.
"Олардың ішіне ойын-сауық орталықтары, сауда үйі, сауда желілері, азық-түлік және азық-түлік сатпайтын базарлар, сұлулық салондары, балаларға арналған түзету кабинеттері, білім беру орталықтары, үйірмелер, мектепке дейінгі топтар режиміндегі балабақшалар бар", - деді Тоғжанов.
Әрбір нысан бойынша санитарлық режимнің нақты шаралары қабылданады, деп нақтылады ол.