Өңірлер

Алматыда әбден ашынған балалар Тоқаевтан көмек сұрады

Алматыдағы жалғыз балалар үйі жабылғалы жатыр, ол жерде тәрбиеленіп жатқан 44 бала бұл шешімге қарсы шығып, президенттен көмек сұрады. Олар балалар үйінен кеткісі келмейтінін, бір отбасы болып кеткенін айтты
Sputnik

АЛМАТЫ, 30 шілде – Sputnik. №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан мекеме басшылығына қатысты шара қолдануды өтінді. Олар балалар үйінің жабылғанын қаламайды, көп жылдан бері бір отбасы болып кеткендерін айтты. Балалардың айтуынша, басшылық олардың құқығымен санаспайды, балаларды тәрбиелеуге алатын патронат отбасыларды ешкім қадағаламайды.

"НеМолчиkz" қоғамдық қозғалысының көшбасшысы Дина Смайылова Sputnik Қазақстан тілшісіне жақында балалар үйінің тәрбиеленушілері қоңырау шалып, көмек сұрағанын айтты.

Алматыда әбден ашынған балалар Тоқаевтан көмек сұрады

"Балалардың өздері нөмірімді тауып, журналистерді шақырып, олардың мәселесін жария етуімді сұрады. Олар балалар үйінің жабылуымен келіспей отыр, сол жерде тұрғысы келеді. Себебі бір-біріне бауыр басып қалған. Олар балаларға арналған ауылдар мен патронат отбасыларға көшуге мәжбүрлейтінін айтты", - деді Дина Смайылова.

Балалар журналистермен кездесу кезінде әкімдік пен білім басқармасына мекемені жаппау туралы бірнеше рет өтініш жасағандарын айтты. Олардың  бұл өтініші жауапсыз қалған.

Бір отбасы

Қазір балалар үйінің қамқорлығында 44 бала бар. Бұрын бұл жерде шамамен үш жүзге жуық бала болған. Олардың барлығын балалар ауылдары мен патронат отбасыларға таратып тастаған. Тәрбиеленушілердің айтуынша, мұның бәрі олардың еркінен тыс жасалып жатыр.

"Бізге қорған болар ешкім жоқ. Біз балалар үйінен кеткіміз келмейді, себебі осы жерге үйреніп қалдық. Біз – бір отбасымыз. Ал бізді кетуге мәжбүрлеп жатыр. Балалар үйінің қызметкерлері біздің құқығымыз бен пікірімізді құрметтемейді. Бірнеше рет үйді қалдыруды сұрадық. Қамқоршымыз біздің құқығымызды қорғауға толық құқығы бар, алайда ол бізді құрметтемейді және ештеңе істемейді", - дейді балалар.

Алматыда әбден ашынған балалар Тоқаевтан көмек сұрады

Олардың айтуынша, балалар үйіндегі жағдай үш жыл бұрын жаңа директор келген соң нашарлай бастаған. Балалар жаңа басшы келгелі тамақтың нашарлағанын, ал мемлекеттің ешқандай көмек көрсетпей отырғанын айтып шағымданды.

Балалар патронат отбасыларға барғысы келмейтіндерін, себебі ол отбасыларды ешкім бақыламайтынын айтты.

"Мен тоғыз жасымда патронат отбасыда болдым. Маған ол жақ ұнамады. Еркелігімді көрсетіп, ата-анамның тілін алмай, үйден кетіп қалатын болдым. Оның барлығын менен бас тартсын деп істедім. Олар ішімдік ішетін, әкем туған әжесіне дауыс көтеретін. Отбасы маған ұнаған жоқ", - деді Александр Қайдаров.

Балалардың айтуынша, мұндай жағдай әрбір патронат отбасыда болады. Тәрбиеленушілер балалар ауылдарына да барғысы келмейді, себебі оларды ол жерде не күтіп тұрғанын білмейді.

Кім көрінгенге береді

"Әрине, балаларды отбасыға береді, алайда мемлекет оларды бақыламайды. Ешқандай жағдай жасалмаған. Демек, бізді кім көрінгенге береді. Ата-аналар ішімдік ішеді, қамтамасыз ете алмайды", - деді жасөспірімдер.

"Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев. Біз сізден балалар үйінің жабылуына жол бермеуді сұраймыз. Біз Алматының үлкен мегаполис екенін білеміз. Мұнда бір ғана балалар үйі қалды. Сізден оны жаппауды сұраймыз. Бізді ойлаңыз. Ол жабылса, біздің жағдайымыз не болады? Барлық бала балалар үйінің жабылуына қарсы. Басшылыққа қарсы шара қабылдауыңызды өтінеміз. Біздің құқығымызды, пікірімізді, абыройымызды құрметтемейді. Біздің бұл жерден кеткіміз келмейді, біз осы жерге үйреніп қалдық, біз бір отбасымыз. Біздің 15-16 жаста екенімізге қарамастан күштеп жасөспірімдер үйіне жібереді. Күштеп отбасылар мен ауылдарға жібереді. Заң бойынша біз 18 жасқа дейін балалар үйінде тұра аламыз. Біз балалар үйінен кетуге дайын емеспіз және кеткіміз келмейді. Ешкім бізді ойламайды, біздің пікірімізбен санаспайды", - деді балалар президентке жасаған үндеуінде.

Патронат ата-ана – жұмыстың бір түрі

Сонымен қатар жағдайды балалар үйі директорының орынбасары Лариса Плотникова түсіндірді. Оның айтуынша, патронат отбасы болу – ата-аналар үшін жұмыстың бір түрі. Олармен бір жылға келісімшарт жасалады, ал ата-аналар бала тәрбиесі үшін жалақы алады.

Плотникованың айтуынша, егер балаға ол отбасы ұнамаса, өтініш жаза алады. Сол өтініш негізінде патронат отбасымен арадағы келісімшарт бұзылады, ал бала балалар үйіне қайта оралады.

Алматыда әбден ашынған балалар Тоқаевтан көмек сұрады

"Яғни, бұл қамқорлығына алу, асырап алу емес. Ең жақсы деген балалар үйі де отбасыны алмастыра алмайды. Патронат отбасының барлығы бақыланады және тексеріледі. Асырап алу басқа мәселе. Көп жағдайда ата-ана баланы асырап алғаннан кейін баланың мінез-құлқы, оқу, тәрбие тұрғысынан қиындықтар пайда болған кезде көңілі қалып жатады. Ал егер біздің тәрбиеленушілер барғысы келмей отырған балалар ауылы жайлы айтар болсақ, ол жерде балалардың жаңа жағдайға бейімделуі үшін психологтар жұмыс істейді. Біз біраз адамды жібердік, олардың бейімделу процесі оңай әрі тез өтті", - деді Лариса Плотникова.

Тұрақты тексерулер қажет

Дина Смайылова да баланың отбасыда тәрбиеленгенін қолдайды, алайда балалар үйінің тәрбиеленушісі қандай отбасыда тұратынын, ол жерде барлық жағдай жасалғаны жайлы білу керек.

Алматыда әбден ашынған балалар Тоқаевтан көмек сұрады

"Қайтарып, кейіннен басқа отбасыға жіберілетін бала өте көп. Арасында жетім қалса да отбасыға барғысы келмейтін, балалар үйінде құрдастарымен бірге тұрғысы келетін жасөспірімдер де бар. Яғни, балаларға итке қарағаннан да жаман қарым-қатынас жасалады. Олардың құқығы, қалауымен санаспайды. Ең сорақысы, біз балалар үйінің жабылуы және процестің өзі туралы ештеңе білмейміз. Көпшілікті хабардар еткен жоқ. Тыныш қана жабылып жатыр", - деді Смайылова.

Ол балалардың патронат отбасыларын ешкім тексермейтіні туралы өтінішін назарға алу қажет екенін атап өтті. Қоғамдық қозғалыс жетекшісі мемлекет жетім балаларды берген әр отбасыны тексеру қажет деп санайды.