НҰР-СҰЛТАН, 29 шілде – Sputnik. Ақмола облысының Атбасар ауданында өрттен үш бала көз жұмды, деп хабарлады төтенше жағдайлар комитеті.
Ресми мәліметке сәйкес, бүгін таңғы сағат 05:19-да Атбасар ауданына кіретін Хрящевка ауылында жеке тұрғын үйден өрт шыққан. Ол жерде көпбалалы отбасы тұрғаны белгілі болды. Атап айтқанда, 1979 және 1981 жылдары туған ерлі-зайыпты, сондай-ақ, олардың бес баласы – 2004, 2005, 2007, 2008 жылдары туған ұлдар мен 2012 жылы туған қыз бала.
"Атбасар қаласының № 4 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне дейінгі арақашықтық 25 шақырым. Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін ата-анасы мен 2004 және 2012 жылы туған екі бала сынған терезе арқылы өздері шыққан. Өрт салдарынан үйдің төбесі опырылып түсті", - дейді өрт сөндірушілер.
Құтқарушылар сағат 06:40-та өртті ауыздықтады, ал 08:25-те толығымен сөндірді. Үйінділерді қопару кезінде үш баланың мәйіті табылды.
Алматыда ірі тұрғын үй кешені өртенді – видео
Оқиға орнында аудандық полиция бөлімінің кезекші жедел-тергеу тобы жұмыс жасап жатыр. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.