НҰР-СҰЛТАН, 28 шілде – Sputnik. Әлеуметтік желілерде қызыл жалынға оранған ғимараттың видеолары тарады. Өрт Түркістан облысы Абай ауылында болған.
Оқиға орнында өрт сөндірушілер жұмыс істеді.
Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметі Sputnik Қазақстанға хабарлағандай, төтенше жағдай 28 шілде күні таңертең Келес ауданындағы Абай ауылында болған.
Тілсіз жау түске қарай ауыздықталды. Өртті сөндіруге ТЖД жеке құрамының 25 адамы мен алты техника жұмылдырылды. Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ.
Ведомство жекеменшік ғимарат отқа оранғанын нақтылады. Оған электр сымдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы себеп болған.