НҰР-СҰЛТАН, 28 шілде – Sputnik. Елорданың тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаменті құрбандық шалуға қатысты шектеулерді жариялады. Оған сәйкес, жеке меншік үйде құрбандық шалуға тыйым салынады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Департамент басшысы Зекен Исаковтың айтуынша, бұған дейін қалада жыл сайын құрбандық малын союға арналған орындар ашылатын. Биыл оған тыйым салынды. Себебі қатаң карантиндік шаралар 2 тамызға дейін ұзартылып отыр. Арнайы мал сою орындарында тек онлайн-тапсырыстар, яғни, Qurban2020.kz сайты арқылы тапсырыс бергендердің малы ғана шалынады.
"Ондай мал сою орындарында санитарлық талаптардың сақталуын санитарлар мен ветеринарлар қадағалайды. Қалаға сырттан мал әкелуге, сатуға және жеке секторда құрбандық шалуға тыйым салынады. Сонымен қатар, біз тұрғындарды жақындары мен туыстарына айттап барудан, көпшілік жиындардан бас тартуға шақырамыз", - деді Исаков астанада өткен онлайн брифингте.
Тағы оқыңыз: Құрбан айт мейрамы: онлайн құрбандық шалғысы келетіндер тым аз болып шықты
Айта кетейік, 24 шілде күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Qurban2020.kz https://qurban2020.kz/kk/ сайтын іске қосқан болатын. Ол арқылы құрбандық малға онлайн тапсырыс беруге мүмкіндік бар. Бірақ еттің бір бөлігін үйге алып кетуге болмайды. Құрбандық малдың барлық еті мұқтаж адамдарға таратылады. Онлайн-құрбандық жасау үшін сайт арқылы малды таңдап, ақшасын төлеу керек. Мұқтаж жандар да өтініш қалдыруы қажет.