Қоғам

"Ел қиналып жатқанда сенімсіздік болмау керек": бас имам халыққа үндеу жолдады

Бүгінге дейін арнайы сайт арқылы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 2 500 мұқтаж адам құрбандық етін алуға өтініш білдірген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 шілде – Sputnik. Елорданың бас имамы Ерболат Жүсіпов Qurban2020.kz сайтын ұйымдастырған діни басқарманың жұмысына сеніммен қарауға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бас имамның айтуынша, қазіргі кезде "онлайн құрбандық шалу" дегенді көп адам түсінбей жатыр. Содан Qurban2020.kz сайты арқылы құрбандыққа тапсырыс қабылдауға күдікпен қарайды. Ал осы бастаманың негізгі мақсаты – карантин кезінде құрбандық шалуға мүмкіндік беру. Онлайн тапсырыс кезінде сіз үшін басқа адам құрбандық рәсімдерін орындайды, дұғасын бағыштайды және шариғаттың талаптарымен құрбандық шалып береді.

"Мысалы, біз қажылық амалын жасаймыз. Сол кезде жасалатын амалдардың бірі – құрбандық шалу. Ал миллиондаған қажы құрбандықты қалай шалады? Ондайда уәкілдік деген болады яғни, екінші адамға тапсыру арқылы сіздің мойныңыздан міндет түседі. Онлайн-құрбандық та солай", – деген Жүсіпов бұл жерде сенімсіздік танытудың қажеті жоқ екенін атап өтті.

"Себебі, діни басқарманың мамандары мен мешіт имамдары осы құлшылыққа үлкен жауапкершілікпен қарап жатыр", – деді ол онлайн брифингте.

Осы орайда бас имам мұқтаж адамдардың көптігін де жеткізді. Қазіргі жағдайда оларға көмек керек, құрбандық етін тарату қажет. Мәселен, осы уақытқа дейін Qurban2020.kz сайты арқылы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 2 500 мұқтаж адам құрбандық етін алуға өтініш білдірді. Ал құрбандық шалуға тапсырыс бергендердің саны көп емес. 150 қойға және 5 ірі қараға онлайн тапсырыс жасалды.

"Сондықтан сенімсіздік болмауы керек. Діни басқарма жеке мүддені немесе жеке пайданы көздеп отырған жоқ. Ел қиналып жатқан уақытта барынша сауап болатын амалдарды, адамдарды Аллаға жақындататын шараларды жасауымыз қажет. Себебі "құрбан" деген сөз "пендені Жаратушысына жақындату" деген мағынаны білдіреді. Бір-бірімізге сенуіміз керек, бір-бірімізді қолдауымыз қажет. Қазіргі кезде елге ауыртпашылық түсіп тұрғаны жасырын емес", – деп атап көрсетті Жүсіпов.

Оқи отырыңыз: Бір қой – 50 мың теңге: бас имам түсініктеме берді

Оның сөзіне қарағанда, онлайн-тапсырыстарды шариғат талаптарын білетін 40 қасапшы орындайды. Олар арнайы оқудан өткен және куәліктері бар.

"Құрбандық шалынғанда әрбір адамның аты аталады. Содан соң тапсырыс берген адамға есеп жібере аламыз. Ал құрбандық етін еріктілер таратады", – дейді Жүсіпов.