Қоғам

Он үшінші қабаттан секірген полицейдің ерлігі Тоқаевтың назарына ілікті

Мемлекет басшысы қылмыскердің соңынан 13-қабаттың терезесінен секірген ержүрек полицейді марапаттады
Sputnik

АЛМАТЫ, 27 шілде – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда педофилді ұстаған полиция майоры Бақытжан Бәкіровті ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл жайында Polisia.kz порталы хабарлады.

"Қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін ішкі істер министрлігі Алматы қаласы полиция департаменті Түрксіб аудандық полиция басқармасының жедел уәкілі Бақытжан Әнуарбекұлы Бәкіров II дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталсын", - делінген президент жарлығында.

Айта кетейік, полиция майоры Бақытжан Бәкіров қашып кетпек болған қылмыскердің соңынан 13-қабаттың терезесінен секірген еді. Екі қабаттан төмендеу жердегі алаңқайға түскен құқық қорғау органының қызметкері аяғын жарақаттап алған болатын.

Соған қарамастан, ол қылмыскердің қолын бұрап, қасындағы әріптесі келгенше жібермей ұстап отырған. Ұсталған күдікті кәмелетке толмаған жасөспірімді тонау және зорлау фактісі бойынша айыпталып жатыр. Алматы қаласының полициясы оны төрт күн бойы іздестіріп келген.

Оқи отырыңыз: Тоқаев қызметтік борышын атқару кезінде қаза болған полицейді марапаттады

Қылмыс 11 шілдеде жеке сектордағы үйде жасалған. Түскі уақытта күдікті Покровская көшесіндегі үйлердің біріне кірген. Сол сәтте үйде екі бала болды: төрт жасар бала және оның 15 жастағы әпкесі. Қаскөй пышақпен қорқытып, 17 мың долларды иемденіп, содан кейін қызды қорлаған.

Бұған дейін Бәкіровті осы әрекеті үшін ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев "Құқық тәртібін қамтамасыз етуде қосқан үлесі үшін" медалімен марапаттады. Медальді Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов табыстады.

Полиция майоры Бақытжан Бәкіровтің аяғына үш рет операция жасалды. Дәрігерлер оны көп ұзамай жұмысқа оралатынын айтты. Бақытжан Бәкіров – жұбайымен бірге алты бала тәрбиелеп отырған көп балалы әке.