Қоғам

"Ел қауіпсіздігіне төнген зор қатер": Құл-Мұхаммед бас прокурорға хат жолдады

Сенатор медицина саласындағы қылмыстық заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселесін жедел қолға алу қажет деп санайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 шілде – Sputnik. Сенаттағы халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед бас прокурордың атына хат жолдап, барлық фармацевтикалық қоймалар мен дәріханаларда осындай жасанды дәрі-дәрмектердің бар-жоғын тексеруді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik  Қазақстан.

Сонымен қатар, сенатор жасанды дәрілік препараттарды даярлауға қатысты жазаны қатайту қажет деп санайтынын білдірген.

"Мемлекет қажетті жағдайды жасағанына қарамастан біз дәрілік құралдар мен медициналық бұйымдардың жаппай жетіспеушілігі және олардың қымбаттауына куә болып отырмыз. Бұл арада бағаны қымбаттату мен жасанды түрде сұранысты арттыру жөнінде өзара ымыраласудың орын алу мүмкіндігін құзіретті органдар, оның ішінде бас прокуратура анықтау керек",– делінген хатта.

Құл-Мұхаммед өз хатында таяуда ғана Алматыда жасанды дәрілік препараттарды даярлайтын астыртын цех пен оларды салатын қораптар жасайтын баспахана және заңсыз өнімдерді сақтайтын қойма табылғанын еске салды. Онда күмәнді жолмен жасалып, қораптарға салынған және сатуға даярланған "Ротацеф", "Солкосерил", "Регидрон оптим", "Кальций Д3 никомед", "Цефамед", "Цераксон", "Цефтазидим" сияқты жалпы көлемі 100 тоннадан асатын дәрілік заттар тәркіленгені айтылған.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда дәрі-дәрмек сату саласында 400-ге жуық заңбұзушылық анықталды

Сенатордың сөзінше, мұндай сұмпайы кәсіпкерлердің ашкөздігі мен арамзалығы жаға ұстататын жағдай.

"Олардың арам пиғылының ауқымы біздің мыңдаған отандастарымыздың өміріне қауіп төндіріп, еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне орасан зор нұқсан келтіре жаздады", - делі ол.

Хатта қылмыстық іздестіру органдары фальсификат өнімдерді таратудан туындайтын ауыр салдарларды дәлелдейтінін мұндай сорақы қылмыстың орын алуы ел қауіпсіздігіне төнген зор қатер деп бағалануға тиіс делінген.

"Осыған орай, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сату, тарату және сақтаумен айналысатын мекемелерді шұғыл түрде тексеру керек. Мұндай астыртын цехтың қанша уақыт жұмыс істеп, фальсификат өнімдердің қанша мөлшерін таратып үлгеру мүмкіндігі де арнайы тексеруді қажет етеді", - деді сенатор.

Сонымен қатар Мұхтар Құл-Мұхаммед осы саладағы халықаралық тәжірибе де сүзгіден өткізіліп, мұндай қылмыстың ауқымы, адам өмірі мен денсаулығына тигізетін ауыр зардаптары қылмыстық жауапкершілік тұрғысынан саралануға тиіс екеніне тоқталды.

Сондай-ақ, ол хатта дәрілік құралдар мен медициналық бұйымдарды пайдалану саласындағы қылмыстық заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселесін жедел қолға алуды ескертті. Оның айтуынша, бұл істе сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті қолдау мен көмек көрсетуге әзір.