Өңірлер

Павлодардың жаңа әкімі тағайындалды 

Жаңа әкімді облыс басшысы Әбілқайыр Ысқақов таныстырды. Ол бұрынғы әкім Қайрат Нүкеновке алғыс білдіріп, жаңа басшыға нақты тапсырма берді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 шілде – Sputnik. Павлодар қаласының әкімі ауысты. Бұл қызметке Ержан Иманслям тағайындалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа әкімді облыс басшысы Әбілқайыр Ысқақов таныстырды. Ол бұрынғы әкім Қайрат Нүкеновке алғыс білдіріп, жаңа басшылық нақты тапсырма берді. Негізгі міндет – экономикалық өсімді қалпына келтіру және бизнесті дамытуға жағдай жасау. "Жұмыспен қамту картасы" бағдарламасына кіретін әрбір жобаның мерзімі мен сапасын жіті бақылауда ұстау қажет. 

"Бұдан бөлек, тұрғын үй құрылысы, ПИК жұмысы мен жылыту маусымына дайындық мәселелері бар. Тұрғын үй құрылысы бойынша нақты стратегиялық бағдарлама қажет. Ал әкімдік жұмысының басты көрсеткіші ол – қала тұрғындарының оң бағасы және халықтың билікке деген сенімі. Қала әкімдігі тұрғындармен тікелей байланысты күшейтуі керек", - деді Ысқақов.

Ержан Иманслям туралы не білеміз

Ержан Иманслям 1972 жылы Павлодар ауданының Қашыр кентінде дүниеге келген. 1991 жылы ауыл шаруашылығы техникумын техник-механик мамандығы бойынша бітірді. 2007 жылы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын, ал 2014 жылы Еуразиялық инновациялық университетті экономика мен бизнес бойынша тәмамдады. 2017 жылы Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің тасымалдауды ұйымдастыру мен көлік қозғалысы бойынша бакалавр дипломын алып шықты. Заң ғылымдары бойынша магистр дәрежесі бар.

Ол еңбек жолын 1987 жылы Калиновка ауылында құрылыс учаскесінің жұмысшысы болып бастаған. Техникумнан кейін Қашыр кентіндегі құрылыс материалдары мен конструкциялары комбинатында слесарь-сантехник қызметін атқарды. Әскерге барып келгесін Павлодарда "Энергожилстрой-1" құрылыс басқармасында монтаждаушы болып істеді.

Павлодардың жаңа әкімі тағайындалды 

1994-2000 жылдары Қашыр аудандық прокуратурасы мен ішкі істер бөлімінде сан алуан қызметте болды. Одан кейін заң іс-тәжірибесімен айналысты. 

2005-2008 жылдары Қашыр аудандық әкімдігінде жұмыс істеді, әкім аппаратын басқарды. 

2008-2011 жылдары Ақсу қаласының әкімдігінде еңбек етті, әкімнің орынбасары болды.

2011-2013 жылдары Павлодар әкімі аппаратын басқарды. Ал 2013 бастап бір жылдай әкімнің орынбасары қызметін атқарды. 

2017 жылдан кейін Солтүстік Қазақстан облысында еңбек етті. Индустриалдық-инновациялық басқармада сан алуан қызметтер атқарды. Тайынша ауданының әкімі болды. Ал Павлодар әкімі қызметіне дейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде жұмыс істеді. Соның ішінде машина жасау басқармасына жетекшілік етті.