Қоғам

Қазақстанда тағы бір академик дүниеден озды

Марқұмды жерлеу рәсімі отбасы мүшелерінің қатысуымен өтіп, еске алу шаралары бір жылдан соң ұйымдастырылады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 шілде – Sputnik. Қазақстандық академик, экономист, мемлекет және қоғам қайраткері Кенжеғали Сағадиев 83 жасында дүниеден озды, деп хабарлады Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоғамдық қоры PR және маркетинг департаментінің директоры Майраш Тайкенова.

Ол ғалымның туыстарының атынан арнайы жазба жариялады.

"25 шілдеде академик Кенжеғали Әбенұлы Сағадиевтің жүрек соғысы тоқтағанын қайғырып хабарлаймыз. Өкінішке орай, жаппай індет біздің отбасымызға да жетті",– делінген хабарламада.

Жерлеу рәсімі тек отбасы мүшелерінің қатысуымен ғана өтеді. Ал оны еске алуға арналған іс-шаралар 1 жылдан кейін, 2021 жылы 25 шілдеде ұйымдастырылады.

"Бұл Кенжеғали Әбенұлының соңғы өсиеті. Өтетін орны мен уақыты туралы қосымша хабарлайтын боламыз",– делінген жазбада.

Кенжеғали Сағадиев туралы не білеміз?

Кенжеғали Сағадиев 1938 жылы 18 ақпанда Қостанай облысы, Ақкөл ауылында дүниеге келген.

1960 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетін бітірген. 1966 жылы Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтының аспирантурасына түсті.

1977 жылы экономика ғылымдарының докторы, 1978 жылы профессор, 1994 жылы Қазақстан Республикасы ұлттық ғылым академиясының академигі атағын алды. Қазақстан ғылымы мен техника саласының құрметті қызметкері ретінде танылған.

Ол Қазақстандағы 5 ірі жоғары оқу орнын басқарды. Целиноград ауылшаруашылық институты мен Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің ректоры болып жұмыс істеді. Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Халықаралық бизнес университетінің және Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің президенті болды.

Ұлттық ғылым академиясының бас ғалым-хатшысы және президенті болып сайланды. Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің директорлар кеңесінің төрағасы атанды.

Парламент мәжілісінің үшінші (2004-2007 ж) және төртінші (2007-2011 ж) шақырылым депутаты болып сайланып, мәжілістегі қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болды (2004-2007 ж.).

Академик Сағадиев өзінің ғылыми мектебін құрды. 445-тен астам ғылыми жұмыстың, оның ішінде 20 монография мен оқулықтардың авторы. Оның республикалық газет-журнал беттеріндегі жарияланымдары көпке мәлім.

Ол ғалым және экономист ретінде халықаралық аренада танымал. АҚШ-тың Нью-Йорк академиясы мен Америкалық экономикалық ғалымдар қауымдастығының мүшесі, Пәкістан ғылым академиясының академигі, Халықаралық жоғары білім академиясының академигі болып сайланған.

Оқи отырыңыз: Қазақ ғылымы ауыр қайғыға ұшырады: белгілі ғалым дүниеден өтті

Сондай-ақ, ол әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы Қазақстанның мемлекеттік сыйлығын тағайындау жөніндегі комиссияның, қаржы министрлігіндегі қоғамдық кеңестің, жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі болды.