НҰР-СҰЛТАН, 25 шілде – Sputnik. Қырғызстанда 30 шілде коронавирустан қайтыс болғандарды еске алуға арналған ұлттық аза тұту күні ретінде атап өтіледі, деп хабарлады "Биринчи радиоға" сілтеме жасаған Спутник Қырғызстан.
"31 шілдеде біз Құрбан айт мерекесін тойлаймыз. Ал 30 шілде – ұлттық аза тұту күні деп жарияланады. Тиісті жарлық шығарылады", – деп мәлімдеді Сооронбай Жээнбеков.
Ел президенті жақындарынан айырылған барлық отандастарына шыдамдылық тіледі.
"Әрбір қырғызстандықтың бастан өткеріп жатқан қиындықтары мен орны толмас шығындары жүрегімді ауыртады. Қайтыс болған отандастарымның туыстарына тағы да қайғырып көңіл айтамын. Мен қайғыға душар болған барлық отандастарыма шыдамдылық тілеймін", – деді Жээнбеков.
Айта кетейік, 25 шілде күні Қырғызстанда 32 124 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. 1 249 адам қайтыс болды.
Қазақстанда аза тұту күні
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілдені COVID-19 құрбандарын еске алуға арналған жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Оқи отырыңыз: Тоқаев жалпыұлттық аза тұту күнін жариялау туралы жарлыққа қол қойды
Осы күні Қазақстан бойынша бір минуттық үнсіздік жарияланды. Президент пен шенеуніктер Ақорданың алдындағы коронавирус пандемиясынан зардап шеккендерге құрмет көрсетті. Рәсім республикалық арналарда тікелей эфирден көрсетілді.